Бұл туралы Израиль армиясының ресми хабарламасында айтылды.
13 тамыз күні таңертең Израиль Қарулы күштері Бас штабының бастығы ішкі қауіпсіздік қызметі Шин-Бет өкілдерімен кездесіп, Газа қаласына жасалатын оккупациялық операция жоспарын талқылаған. Сол кездесуде жоспар мақұлданғаны хабарланды.
Кездесу барысында Израиль армиясының қазіргі операциялары мен Газаның оңтүстік-шығысындағы Зейтун ауданында жүргізілген шабуылдар да сөз болды.
— Газа секторындағы келесі кезеңдердің негізгі концепциясы саяси басшылықтың нұсқауларына сәйкес ұсынылып, бекітілді, — делінген мәлімдемеде.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 7 тамызда Израильдің Қауіпсіздік министрлер кабинеті отырысында Бас штаб бастығы Эяль Замир Газа секторын оккупациялау жоспарына қарсы пікір білдіріп, бірқатар министрлермен қатты дауласқан.
8 тамызда Израильдің Қауіпсіздік кабинеті Палестина эксклавының солтүстігінде орналасқан Газа қаласын оккупациялау жоспарын ресми түрде мақұлдады.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Fox News арнасына берген сұхбатында Газа секторын толықтай басып алу ниетін ашық мәлімдеген.
Осыған дейін халықаралық қауымдастық Израильді Газа секторын басып алуды дереу тоқтатуға шақырғанын жазғанбыз.