Израиль армиясы Ливанмен шекаралас елді мекенге соққы жасады

Израиль артиллериясы Ливанмен шекаралас ауданға оқ жаудырды. Кazinform бұл туралы Анадолыға сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Анадолы

Ливанның NNA ресми ақпарат агенттігінің мәліметінше, Израиль жаңа соққылар жасаған.

Артиллериялық снарядтар Ливанның оңтүстігіндегі Набатийе провинциясының Вади-Хиям елді мекеніне түскен.

Бұған дейін Израиль Сирияның Дамаск және Алеппо қалаларындағы әуежайларға соққы жасағанын жазған болатынбыз.

Еске салайық, 7 қазан күні Палестинадағы ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасап, елдер соғыс жағдайына көшкен болатын.

Бірқатар мемлекет өз азаматтарын Израильден эвакуациялауды ұйымдастырды. Қазақстан да аталған елде жүрген 124 қазақстандық үшін репатриациялық рейс ұйымдастырып, оларды елге жеткізді.

Израиль Газа секторын толық оқшаулап, жарық, тамақ және отынның жеткізілуіне жолды жапты. Әскерилер Палестина тұрғындарына Мысырға қашуды ұсынды. 11 қазан күні Газа секторындағы жалғыз электр станциясы отын тапшылығынан жұмысын тоқтатты.

Израиль – Палестина қақтығысынан қаза тапқандар саны: Израильде – 1300 адам, Палестинада – 900 адам, тағы 4500 адам жарақат алды. Иордан өзенінің батыс жағалауында 21 палестиналық азамат қаза тапты, ондаған тұрғын жараланды.