Израиль әскері Газадағы Мекке мұнарасын қиратты

Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM — Қаладағы ең биік ғимараттардың бірінің қирауы аймақтағы гуманитарлық дағдарыстың жаңа белгісіне айналды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Жексенбі күні Израиль қорғаныс күштері Газа қаласының батысындағы Рималь мен Тал әл-Хава аудандарының шекарасындағы 16 қабатты Мекке мұнарасына әуеден шабуыл жасады.

Израиль әскерилерінің мәліметінше, ғимаратты ХАМАС содырлары пайдаланған.

Шабуыл алдында тұрғындарды эвакуациялауға бұйрық берілді.

Куәгерлердің айтуынша, көпқабатты ғимаратта соғыстың алғашқы айларында баспанасыз қалған жүздеген палестиналық отбасы тұрған.

Ғимараттың айналасында басқа босқындар тұратын ондаған шатыр бар. Шабуылдан кейін Рималь төңірегінде қою түтін көтеріліп, жергілікті дәрігерлер зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсетті.

Армия тұрғындарды Газа секторының оңтүстігіндегі «қауіпсіз аймақ» деп жарияланған әл-Маваси аймағына қоныс аударуға шақырды.

Алайда, гуманитарлық ұйымдар әл-Мавасиге де бірнеше рет оқ атылып, жүздеген бейбіт тұрғынның қаза тапқанын және жараланғанын атап өтті. Бұл аймақтағы жағдай өте ауыр: су, дәрі-дәрмек және азық-түлік тапшылығы адамдарды тірі қалудың шегіне итермелейді.

— Көп қабатты үйлер мен тұтас аудандарды қирату — Газаны тұруға болмайтын жерге айналдыратын күштеп көшіру саясаты, — дейді Палестина шенеуніктері мен адам құқықтарын қорғау ұйымдары.

Әл-Жазираға сілтеме жасаған медициналық ақпарат көздеріне сәйкес, дүйсенбі күні таңертеңнен бері Израильдің анклавтағы шабуылдарынан 23 адам қаза тапты, оның 21-і тек Газа қаласындағы палестиналықтар.

Газа секторының денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың қазан айынан бері қаза тапқандар саны 66 мыңнан асты, олардың көпшілігі әйелдер мен балалар.

Халықаралық бақылаушылар үздіксіз бомбалау халықты медициналық көмекке қол жеткізуден айырғанын, аурудың таралуын тудырғанын және ашаршылық қаупін арттырғанын атап өтті.

Осыдан бұрын Нетаньяху ХАМАС мүшелеріне рақымшылық жасалуы мүмкін екенін мәлімдеді.