Израиль әскері Газаның орталығына кірді
Израиль Қорғаныс министрі Йоав Галлант Израиль әскері қазір Газа қаласының орталығына жеткенін мәлім етті. Kazinform бұл туралы ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Галлант Израиль Қорғаныс әскері құрлық, әуе және теңіз әскерімен бірлесіп қалаға солтүстік пен оңтүстіктен шабуыл жасағанын атап өтті.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұған дейін сарбаздар Газа қаласын қоршауға алып, ішінде әрекет етіп жатқанын мәлімдеген болатын. Сонымен қатар Нетаньяху Газа тұрғындарын оңтүстікке кетуге шақырды.
Оның дүйсенбі күнгі «соғыстан кейін Газадағы қауіпсіздік жауапкершілігін Израиль өз мойнына алады» деген мәлімдемесін сейсенбі әскери кабинетінің мүшесі түсіндірді.
Стратегиялық мәселелер министрі Рон Дермердің «ВВС бүкіләлемдік қызметінің жаңалықтар сағаты» бағдарламасында айтуынша, Нетаньяху Израиль демилитаризацияланған аймақта анклавтың сақталуын қамтамасыз етіп, жаңа лаңкестік қауіп туындаса, олармен күрес операцияларын жүргізетінін айтқысы келген. Ол Израиль бұл аймақты қайта басып алып, басқаруға тырыспайтынын мәлім етті.
Бұған дейін Газаның оңтүстігіндегі Хан-Юнис, Рафах және Дейр-эль-Балах қалаларына әуеден соққы жасау салдарынан ондаған адам қаза тапқаны хабарланған болатын.
ХАМАС тобы басқаратын денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Газа секторында 10 300-ден астам адам өлтірілді, оның 4100-ден астамы - бала. Израильде 1400 адам өлтіріліп, 200-ден астам тұрғын тұтқынға алынды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Израиль мен Газа қақтығысында қаза тапқандар саны мен қасіретке ұшырағандарды тіпті елестету қиын екенін айтты.
Ұйым өкілі Кристиан Линдмайер соғыс басталғалы медицина мекемелеріне 100-ден астам соққы жасалғанын атап өтті.
БҰҰ агенттігінің өкілі екі тараптан да мерт болғандар санын айтып, қазір Газада орта есеппен күніне 160 бала өлтіріліп жатқанын хабарлады.
Израиль тұрғындары кеше ХАМАС тобының шабуыл жасағанына бір ай толғанын атап өтті.