Израиль әскері Ливанның оңтүстігін артиллериямен атқылады

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі елді мекендерді артиллериядан атқылап, тұрғын аудандарда жарылыстар жасады, деп хабарлайды Anadolu .

Фото: Анадолу

Израиль өңірдегі қолданыстағы бітімге және Ливанға да қатысты АҚШ пен Иран арасындағы уағдаластықтарға қарамастан, Ливанға шабуылдарын жалғастырып келеді.

Ливанның ресми NNA агенттігінің мәліметінше, Израиль әскері ән-Набатия провинциясындағы Талуса мен Маркаба елді мекендерінің маңын артиллериядан атқылады. Шабуылдан кейін соққы жасалған аумақта өрт шықты.

Сондай-ақ Израиль әскери күштері Маркабадағы тұрғын аудандарда жарылғыш заттарды қолданғаны хабарланды. Елді мекенде бірінен соң бірі жарылыстар болып, аудан үстіне қою түтін көтерілді.

Шабуыл тарихы

2 наурызда Израиль әскері Ливанға жаппай әуе соққыларын бастап, елдің оңтүстігіндегі бірнеше елді мекенді бақылауына алды.

Ливан үкіметі осы кезеңде ел ішінде қоныс аударуға мәжбүр болғандардың саны 1 миллионнан асқанын мәлімдеген еді.

АҚШ президенті Дональд Трамп 24 сәуірде 17 сәуірден бастап күшіне енген Ливан мен Израиль арасындағы 10 күндік уақытша бітім тағы үш аптаға ұзартылғанын мәлімдеді.

14–15 мамырда АҚШ-тың арағайындығымен өткен Ливан мен Израиль арасындағы келіссөздердің үшінші кезеңінің қорытындысы бойынша тараптар 17 мамырдан бастап атысты тоқтату режимін 45 күнге ұзартуға келісті.

Кейін Вашингтонда өткен Израиль мен Ливан арасындағы тікелей келіссөздердің бесінші кезеңінен соң, 26 маусымда тараптар негіздемелік келісімге қол қойды.

Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметіне сәйкес, 2 наурыздан бері Израильдің шабуылдары салдарынан 4 332 адам қаза тапқан.

Айта кетейік, бұған дейін Ливанның оңтүстігінде Израильдің әуе шабуылынан төрт адам қаза тапты.