Израиль әскері Сирияның оңтүстігіндегі провинцияны атқылады

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль әскері сенбі, 6 қыркүйекте Сирияның оңтүстігіндегі Әл-Кунейтра провинциясының Эр-Рафид қаласының шетін атқылады, деп хабарлайды Anadolu .

Фото: Anadolu

Сирияның «Аль-Ихбария» телеарнасының мәліметінше, аталған ауданға алты артиллериялық снаряд атылған. Қаза тапқандар, зардап шеккендер немесе қираған нысандар туралы ақпарат түскен жоқ.

Бұған дейін бес әскери көліктен тұратын Израиль әскери бөлімшесі Эр-Рафидтің шетіне қарай жылжып, кейін бұл аумақтан кеткен. Ұсталғандар туралы ақпарат болған жоқ.

Оқиға Израиль күштерінің бұл аймақтағы белсенділігі бірнеше рет тіркелген кезеңде болып отыр. Бейсенбі күні Израиль әскери күштері Әл-Кунейтра провинциясының оңтүстігіндегі Тель-эль-Ахмар ауданында екі артиллериялық снаряд атқан.

Сирияның мемлекеттік SANA агенттігі де сейсенбі күні Израиль күштері Эр-Рафидтің батысында бір шопанды ұстағанын, алайда бірнеше сағаттан кейін босатқанын хабарлаған.
Сирияның оңтүстігіндегі провинцияларда, атап айтқанда Әл-Кунейтра мен Дараада Израиль әскери күштерінің рейдтері, тінтулері, адамдарды ұстауы және әскери бақылау бекеттерін орнатуы бірнеше рет тіркелген.

Өткен айда Израиль әскери-әуе күштері Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясында орналасқан Әбу әд-Духур әскери әуе базасының ұшу-қону жолағына сегіз рет соққы жасаған. Соның салдарынан нысанның инфрақұрылымы зақымдалған.

Сириядағы Израиль күштерінің белсенділігі Башар Асад режимі 2024 жылғы желтоқсанда құлағаннан кейін күшейді. Сол кезде Израиль 1974 жылғы күштерді ажырату туралы келісімнің күшін тоқтататынын мәлімдеп, Сирияның буферлік аймағына бақылау орнатқан.

Бұған дейін Түркия және тағы 11 ел Сириядағы әскери базаға жасалған Израиль соққыларын айыптаған.