Израиль әскерилері «Аш-Шифа» ауруханасындағы адамдарды бір сағатта эвакуациялауды талап етті - БАҚ

Израиль қорғаныс күштері Газа секторындағы ең үлкен «Аш-Шифа» ауруханасындағы адамдардың барлығын бір сағат ішінде толық эвакуациялауға бұйрық берді, деп хабарлайды араб БАҚ мен AFP агенттігі.

Фото: BBC

АFP тілшісінің хабарлауынша, міндетті эвакуациялау туралы дауыс зорайтқыштар арқылы жарияланды. Каzinform агенттігі бұл туралы ВВС News-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Әскерилердің бұйрығын «Әл-Жазира» және «Әл-Арабия» телеарналары да хабарлады. ЦАХАЛ бұл айыптауларға қатысты түсініктеме берген жоқ.

Израиль әскерилері бірнеше күннен бері Газа секторының солтүстігіндегі «Аш-Шифа» ауруханасында операция жүргізіп жатыр.

ЦАХАЛ мәліметінше, оның астында ХАМАС-тың командалық пункті орналасқан. Израиль қорғаныс күштері бұған дейін аурухана астындағы туннельдер көрініп тұрған бірнеше фотосуреттерді жариялады. Сонымен қатар журналистерге «Аш-Шифа» аумағындағы қару-жарақтарды көрсеткен.

Бұдан бөлек, әскерилер аурухана аумағынан ХАМАС-тың 7-қазан күні ұрлап әкеткен израильдік екі тұтқынның мәйітін анықтағанын мәлімдеді.

Бұл ретте аурухана астында ХАМАС-тың командалық пункті орналасқаны туралы ақпараттың рас-өтірігі дәлелденген жоқ. ХАМАС аурухананы содырлардың әрекеті үшін пана ретінде пайдаланғанын үзілді-кесілді жоққа шығарды.

Израиль бұған дейін бірнеше рет аурухана қызметкерлері мен науқастарды сектордың оңтүстігіне эвакуациялауға шақырған, алайда медицина қызметкерлері көптеген науқастарды тасымалдау мүмкін емес дейді. БҰҰ мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы аптада науқастар мен аурухана қызметкерлерінің тағдырына қатысты «қатты алаңдайтынын» білдірді.