Израиль әскерилері бұрын соғыс болмаған аудандарда операция бастамақ
АСТАНА. KAZINFORM – Жексенбі күні Израиль әскері Газа секторындағы орталық аудандарда тұратын тұрғындарға үйлерін тастап, оңтүстікке көшуге бұйрық берді. Бұл аймақтарда бұған дейін әскери әрекеттер болмаған, деп хабарлайды ВВС.
Эвакуация Дейр әл-Балахқа шабуыл басталуы мүмкін екенін көрсетеді. Бұл тұтқында отырған израильдіктердің туыстары арасында алаңдаушылық тудырып отыр. Олар операция тұтқындардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін деп есептейді.
Израиль әскері өз мәлімдемесінде бұл ауданда ХАМАС-тың инфрақұрылымы жойылатынын хабарлады. Сондай-ақ Израиль солтүстіктегі Жабалияда да операцияларды күшейтіп, ондаған содырдың көзін жойғанын және 2,7 шақырымдық туннельді анықтап, оларды да ойран еткенін мәлімдеді.
Медициналық деректерге сәйкес, соңғы тәулікте Газада 45 адам қаза тапқан. Елде аштық ушығып тұр – 71 бала көз жұмған, 60 мыңнан астам бала тамақ жетіспеушілігінен зардап шегуде.
БҰҰ агенттіктері Израильден гуманитарлық көмекті өткізуге рұқсат беруді талап етіп отыр. Израиль мұндай кедергінің барын жоққа шығарып, ХАМАС-ты көмекті ұрлап жатыр деп айыптады.
Израиль мен ХАМАС арасында атысты тоқтату және тұтқындарды босату бойынша келіссөздер жүріп жатыр, бірақ әлі нақты нәтиже жоқ.
Айта кетейік, Қатар, Мысыр мен АҚШ Израиль мен ХАМАС ұйымына Газа секторында атысты тоқтатып, кепілдегі адамдарды босату бойынша жаңа ұсыныс жасады.