Өңірде атысты тоқтату режимі жарияланғанымен, шабуылдардың қарқыны бәсеңдер емес.
Ең ірі соққы ас-Саксакия қаласына жасалды. Салдарынан жеті адам мерт болды. Қаза тапқандар арасында бір бала бар. Тағы 15 адам жараланған.
Сондай-ақ Набатия, Нахрайн, Саадият, Хабуш және Мефдун елді мекендеріне де соққы жасалғаны хабарланды.
16 сәуірден бері Ливандағы шабуылдардан қаза тапқандар саны шамамен 500 адамға жетті.
Ал наурыз айынан басталған әскери операция кезіндегі жалпы құрбандар саны 2750 адамнан асты.
Израиль әскері елдің оңтүстігіндегі буферлік аймақты әлі де бақылап отыр. Сонымен бірге тұрғындарды мәжбүрлі түрде көшіру туралы жаңа бұйрықтар жарияланған.
Шиеленістің күшеюі аясында АҚШ 14–15 мамыр күндері Вашингтонда келіссөздердің жаңа кезеңі өтетінін мәлімдеді.
Хезболла келіссөздерге қатыспайды. Ұйым Израиль позицияларына артиллерия мен дрондар арқылы шабуыл жасап жатыр.
Осыған дейін Ливанда Израиль әуе соққыларынан қаза тапқандар қатары көбейіп келе жатқаны туралы жаздық.