Израиль атысты тоқтату туралы келісім жарияланғаннан кейін Ливанға шабуылды жалғастырды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың делдалдығымен қол жеткізілген атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, Израиль-Ливан бағытындағы жағдай шиеленіскен күйінде қалып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Фото: x.com/@roqchams

The Times of Israel басылымының хабарлауынша, Израиль армиясы бейсенбі күні Ливанның оңтүстігіндегі «Хезболла» нысандары мен инфрақұрылымына қарсы операцияларды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Израиль әскери күштері сонымен қатар тұрғындарды Захрани өзенінің оңтүстігіндегі аудандарға келесі хабарламаға дейін оралмауға шақырып, бұл аймақта әскери әрекеттер жалғасып жатқанын ескертті.

— Ливанның оңтүстігінде шайқастар жалғасып жатыр, өйткені Израиль қорғаныс армиясы сіздердің кенттеріңіз және олардың маңында орналасқан «Хезболла» нысандары мен инфрақұрылымына оқ жаудыруын жалғастырып келеді, — деді ЦАХАЛ өкілі Авихай Адраи.

Ливанның ұлттық ақпарат агенттігі бейсенбіде елдің оңтүстігінде көлікке тағы бір шабуыл жасалғанын хабарлады. Шабуыл салдарынан бірнеше адам жарақат алды. Бұдан басқа, Израильдің дрондары Ливанның оңтүстігіндегі Тир қаласының үстінде байқалған. 

Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир осыған байланысты атысты тоқтату туралы келісімді сынға алып, оны «үлкен қателік» деп атады.

Оның пікірінше, қол жеткізілген келісімдер «Хезболлаға» өз позициясын әлсіретудің орнына нығайтуға мүмкіндік береді. Израильдің бұрынғы қорғаныс министрі Авигдор Либерман да осындай алаңдаушылық білдіріп, атысты тоқтату қозғалысқа күшін қалпына келуге уақыт беретінін мәлімдеді.

Бұл сын Израиль мен Ливан АҚШ-тың делдалдығымен соғыс қимылдарын тоқтатуға келіскеннен кейін көп ұзамай айтылды. Бұл ретте Израиль армиясы Ливанның оңтүстігіндегі «Хезболла» нысандарына шабуыл жасауды жалғастырып жатқанын және шекаралас аймақтарда әскери күштерін сақтап отырғанын мәлімдеп отыр. 

Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац армияның Ливандағы әрекет ету еркіндігін сақтайтынын және Израиль аумағына шабуыл жасалған жағдайда Бейрутқа шабуыл жасай алатынын мәлімдеді. 

Өз кезегінде Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Ливан астанасына жасалған кез келген шабуыл соғыстың толық ауқымды қайта басталуына әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Осыған дейін Израиль мен Ливан АҚШ-тың делдалдығымен атысты тоқтату туралы келісімге келгенін хабарладық