Израиль әуе күштері Дамасктің оңтүстігіне соққы жасады

Фото: Фото: syria.tv

АСТАНА. KAZINFORM – Сейсенбі күні кешке Израиль әскери ұшақтары Сирия астанасының оңтүстігіндегі қалаға, сондай-ақ оңтүстіктегі Дараа провинциясына соққы жасады. 

Дамасктен оңтүстікке қарай шамамен 20 шақырым жерде орналасқан әл-Кисва қаласына, Дараа провинциясындағы Израа қаласының шетіне және Сирияның оңтүстігіндегі Кунейтра провинциясындағы нысандарға соққы жасалды, деп хабарлайды Syria TV. 

Израиль әскері Сирияның оңтүстігіндегі әскери нысандарға, соның ішінде олардың айтуынша қару-жарақ сақталған басқару орталықтары мен нысандарға соққы бергенін растады.

— Сирияның оңтүстігінде әскери күштер мен мүліктердің болуы Израильдің бейбіт тұрғындарына қауіп төндіріп отыр. ЦАХАЛ израильдіктерге төнген кез келген қатерді жою үшін әрекетін жалғастырады, - деп мәлімдеді ЦАХАЛ.

Бомбалау Сирия Израильдің өз территориясына басып кіруін айыптап, Израильді әскерлерін шығаруға шақырғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң болды. Бұл туралы Сирияның жаңа билеушілері елдің саяси болашағын анықтау үшін ұйымдастырған Ұлттық диалог конференциясының қорытынды мәлімдемесінде хабарланды.

— Әскеи-әуе күштері Сирияның оңтүстігінде тыныштық орнату үшін біз анықтаған жаңа саясаттың бөлігі ретінде Сирияның оңтүстігіне күшті соққылар жасап жатыр және біздің хабарымыз анық: біз Сирияның оңтүстігінің Ливанның оңтүстігіне айналуына жол бермейміз, - делінген Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кацтың мәлімдемесінде.

Ол сондай-ақ Сирия билігі мен лаңкестік ұйымдардың елдің оңтүстігіндегі қауіпсіздік аймағында бекінуге тырысатын кез келген әрекеті отпен қарсы алынатынын баса айтты.

«Хайят Тахрир аш-Шам» (ХТШ, Қазақстанда тыйым салынған ұйым — ред.) бастаған көтерілісшілер желтоқсанда бұрынғы президент Башар Асадты тақтан тайдырғаннан кейін Израиль Сириядағы БҰҰ бақылауындағы қарусыздандырылған аймаққа әскерін жіберді.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жексенбі күні Израильдің Сирияның оңтүстігінде ХТШ-тың немесе елдің жаңа билігімен байланысты кез келген басқа күштердің болуына жол бермейтінін айтып, аумақты қарусыздандыруды талап етті.