Израиль Батыс жағалаудағы жерді тіркеуді қайта бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл шешім Палестина мен бірнеше араб мемлекеті тарапының наразылығын тудырды. Олар оны іс жүзінде аннексия әрекеті ретінде бағалады.
Жер тіркеу процесі алғаш рет 1967 жылдан бері басталады
Израиль Министрлер кабинеті жексенбі күні Батыс жағалаудағы жерлерді тіркеу процесін қайта бастауға рұқсат берді. Бұл туралы The Times of Israel хабарлады.
Министрлер бұл шара кең көлемдегі жер учаскелерін мемлекеттік меншікке тіркеуге және Израильдің дамуына қолжетімді етуге мүмкіндік беретінін айтты. Жоспар 2026–2030 жылдары 244 млн шекель (шамамен 79 млн доллар) бөлуді және осы жұмысты жүргізуге арналған профильдік ведомстволарда 35 жаңа лауазым ашуды қарастырады.
Шешімге сәйкес, тіркеу C аймағында жүзеге асады. Бұл аймақ Батыс жағалаудың шамамен 60%-ын құрайды және толықтай Израильдің әскери және әкімшілік бақылауында. Процесс бірнеше онжылдыққа созылуы мүмкін: Израиль үкіметінің бағалауынша, бір жер учаскесін тіркеу кемінде бір жарым жыл алады, ал барлық тіркелмеген жерлерді рәсімдеу 30 жылға дейін созылуы мүмкін. Алдағы бес жыл ішінде жоспар бойынша 15% тіркелмеген жер учаскелерін ресми тіркеу көзделіп отыр.
Министрлердің пікірі
Израильдің Қаржы министрі Бецалель Смотрич бұл шараны «қоныстанушылар қозғалысының революциясының жалғасы» деп атады. Ал Әділет министрі Ярив Левин шешімді «үкіметтің барлық жерлерге бақылауды күшейту міндетін көрсету» деп бағалады. Қорғаныс министрі Исраэль Кац бұл бастаманы құқықтық айқындықты қамтамасыз ететін және қауіпсіздік мүддесіне сай шара деп сипаттады.
Шешім мәтінінде бұл қадам Палестина әкімшілігінің, оның ішінде C аймағы аумағында жүргізіп жатқан жерді тіркеу әрекеттеріне қарсы бағытталғаны да көрсетілген. Израиль тарапынан мұны бұрын қол қойылған келісімдерге қайшы әрекет деп есептейді.
Наразылықтар
Палестина әкімшілігі шешімді «басып алынған палестин жерін іс жүзінде аннексиялау» деп бағалап, айыптады.
ХАМАС бұл бастаманы «жерді иемдену және иудаизациялау әрекеті» деп атады.
Иордания, Мысыр, Қатар және Түркияның Сыртқы істер министрліктері де бұл қадамды халықаралық құқықты бұзу ретінде сынады. Иордания Сыртқы істер министрлігі халықаралық қауымдастықты Израильді заңсыз біржақты әрекеттерін тоқтатуға және палестиналықтардың заңды құқықтарын қамтамасыз етуге шақырды.
Ислам ынтымақтастық ұйымы де Израильдің Батыс жағалаудағы оккупациялық жерлерді «мемлекеттік меншік» деп жариялау шешімін заңсыз деп бағалап, екі мемлекет шешімін қауіпке ұшырататын әрекет деп санады.
Израильдегі Peace Now ұйымы жаңа механизм мемлекет меншігіне айтарлықтай жер учаскелерін тіркеуге мүмкіндік беретінін, бұл қоныс аудару және инфрақұрылымды кеңейтуге жол ашатынын мәлімдеді. Ұйым өкілдерінің айтуынша, қазіргі процедуралар палестиндықтар үшін жер құқығын растауды қиындатады.
Бұрынғы рәсімдеу процесі 1968 жылы, Израиль Батыс жағалауды бақылауға алғаннан кейін бір жыл өткен соң тоқтатылған болатын. 1990 жылдары Осло келісімдеріне сәйкес, C аймағы уақытша Израиль бақылауына беріліп, кейін біртіндеп Палестина юрисдикциясына берілуі көзделген.
Бір апта бұрын Израильдің қауіпсіздік кабинеті Батыс жағалаудағы бақылау мен қадағалауды күшейтетін қосымша шараларды мақұлдаған еді. Бұл қадам да Палестина басшылығы мен араб және мұсылман мемлекеттерінің сынына ұшырады.