Израиль Батыс жағалаудағы заңсыз 126 тұрғын үй құрылысына рұқсат берді

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль Дженин ауданының солтүстігіндегі оккупацияланған Батыс жағалауда орналасқан палестин жерлеріндегі заңсыз «Санур» қонысында 126 жаңа тұрғын үй салу жоспарын мақұлдады, деп жазады Анадолы.

Фото: Анадолы

12-Израиль телеарнасының хабарлауынша, бұрын 2005 жылы эвакуацияланған «Санур» қонысында 126 тұрақты тұрғын үй салу жоспары бекітілген.

Израиль қаржы министрі Бецалель Смотрич бұл шешімді құптап, оны «жауларға жолданған хабар» деп атады.

Батыс жағалаудағы израильдік қоныстанушылар өкілі Йоси Даган да бұл шешімге қолдау білдіріп, «Санур қайта қалпына келтіріліп, 126 үй салынады, болашақта бұл аудан қалаға айналады» деді.

Сонымен қатар Израильдің солшыл-орталық бағыттағы «Peace Now» («Шалом ахшав») үкіметтік емес ұйымы өз мәлімдемесінде «Санурға» қайта оралу 2005 жылғы «ажырату жоспарына» қатысты қазіргі Израиль үкіметі енгізген заңнамалық өзгерістердің нәтижесінде мүмкін болғанын атап өтті. Бұл өзгерістер Батыс жағалаудың солтүстігінде елді мекендердің болуына қойылған шектеулерді алып тастауға жол ашқан.

Ұйымның айтуынша, Израильдің қауіпсіздік кабинеті бірнеше күн бұрын бұл қонысты қалпына келтіру туралы шешім қабылдаған.

Сондай-ақ ұйым «Санурды» қайта жоспарлау мен бекіту үдерісінің өте жылдам жүріп жатқанын атап өтті.

Израиль 2005 жылы Ариэль Шарон үкіметі кезінде «ажырату жоспары» аясында Батыс жағалаудағы және Газа секторындағы бірқатар елді мекендерден әскерін және қоныстанушыларын шығарған болатын.

Ал 2022 жылдың желтоқсанында билікке келген Биньямин Нетаньяху үкіметі Шығыс Иерусалим мен Батыс жағалауда қоныстану саясатын күшейткен.

БҰҰ бұл аумақтарды оккупацияланған палестин жерлері деп санайды.

Бұдан бұрын Израильдің бірнеше қаласында Нетаньяху үкіметінің кетуін талап еткен митинг өткені анықталды.