Израиль билігі Батыс жағалауда жаңа қоныстар салуға рұқсат берді

Фото: Anadolu Ajansı

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль билігі жексенбі күні Иордан өзенінің оккупацияланған Батыс жағалауында 19 жаңа заңсыз қоныс құруды мақұлдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Anadolu Ajansı.

Haaretz газетінің мәліметінше, бұл шешім Израильдің Қауіпсіздік кабинеті отырысында қабылданған.

Жоба қаржы министрі Бецалель Смотрич пен қорғаныс министрі Исраэль Кац тарапынан ұсынылған.

Басылым дерегінше, 2023 жылғы 7 қазаннан бері Израильдің Газа секторында және Батыс жағалауда заңсыз қоныстар салу қарқыны күшейіп, бұл аумақтағы израильдік қатысуды кеңейту жөніндегі мәлімдемелер жиілеген. Қазіргі таңда Батыс жағалауда 365 заңсыз қоныс бар.

Батыс жағалаудағы алғашқы қоныс — аймақтың оңтүстігінде орналасқан «Кфар Эцион» 1967 жылы Израиль Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалимді оккупациялағаннан кейін бірден құрылған. Кейін бұл өңірде жүздеген қоныс салынды.

Израильдегі үкіметтік емес Peace Now ұйымының дерегіне сәйкес, 2024 жылы (Шығыс Иерусалимді есептемегенде) оккупацияланған Батыс жағалауда шамамен 3 млн палестиналық тұрады. Ал израильдік қоныстанушылар саны 500 мың адамнан асып кеткен.

Үкімет 11 желтоқсанда мақұлдаған 19 қоныстан бөлек, палестиналық жерлерде 141 заңсыз қоныс және 224 рұқсатсыз қоныс бар.

Осылайша, Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы заңсыз қоныстардың жалпы саны 365-ке жетіп отыр.

Айта кетейік, Израиль делдалдардың бітімгерлік күш-жігері аясында Газа секторына соққы жасады.