Израиль бітімге келмесе, Ұлыбритания Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін мойындайды

Фото: twitter.com/unitetheunion

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер егер Израиль Газа секторындағы атысты тоқтатуға және ұзақмерзімді бейбітшілікке бағытталған нақты қадамдарға бармаса, қыркүйек айында Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін мойындайтынын мәлімдеді, деп жазады euronews.

Бұл туралы ол сейсенбі күні жазғы мезгіл үшін сирек шақырылатын үкімет отырысында айтты. Жиын Газа секторындағы жағдайды талқылауға арналды.

— Егер Израиль үкіметі Газадағы ауыр жағдайды тоқтатуға бағытталған нақты қадамдарға бармаса, атысты тоқтатпаса, Батыс жағалауды аннексияламайтынын ашық мәлімдемесе және екі мемлекет негізіндегі шешімге әкелетін ұзақмерзімді бейбіт процесті қолға алмаса, Ұлыбритания БҰҰ Бас Ассамблеясына дейін Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындайды, — деді Стармер министрлер кабинетінің мүшелеріне.

Газа секторындағы жағдай 21 айға созылған соғыстың салдарынан Израильдің әрекеттеріне халықаралық сынның күшеюіне себеп болды. Әсіресе, аштық қаупі жайлы ескертулер мен әлсіреген палестиналық балалардың суреттері тарап, әлемдік қауымдастықтың алаңдаушылығын туғызды.

Бұған дейін Франция Палестинаны мемлекет ретінде ресми тануға шешім қабылдады. Бірақ Америка Құрама Штаттары Францияның Палестинаны мемлекет ретінде тану туралы шешімін қолдамады.

Сонымен қатар Нидерланд алғаш рет Израильді ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін ел деп таныды.