«Израильде 5G желілеріне тыйым салынды» – фейк

АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желілерде Израиль тұрғындары елде 5G желісін орналастыруға қарсылық білдіріп, бағаналарды өртеп жатқаны туралы ақпарат тарады. Мәселені анық-қанығын Stopfake.kz анықтап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: Cliff Hang/Pixabay

Анықталғандай, Израильде 5G-ге тыйым салынды деген қауесет 2019 жылдың шілдесінде пайда болған. Алайда Factly-дің ағылшын тіліндегі фактчекинг басылымы мұны жоққа шығарған.

«Бүгінгі таңда Израильде желілер орнатылған және сәтті жұмыс істеп тұр. Оларға қосылу және тарифтер туралы толық ақпарат жергілікті провайдерлердің ресми сайттарында бар.

Израиль тұрғындары үнемі өртеп жіберетін 5G бағаналары туралы ақпарат интернетте жоқ. Мұндай жағдай АҚШ-та және Еуропаның кейбір елдерінде болған, бірақ бұл акциялар тұрақты сипатта болмады.

Демек, таралған ақпарат жалған және оған сенбеген жөн. 5G желілері Израильде орнатылған және сәтті жұмыс істейді. Елде олардың жұмысына ешқандай тыйым салынған жоқ», - деп түйіндейді Stopfake.kz.