Израильдегі сайлау жүйесі
Израиль – унитарлы мемлекет, демократиялық парламенттік республика. Елде 9,5 миллионға жуық адам тұрады. Жер көлемі шағын болғанына қарамастан, Израильдің экономикасы жақсы дамыған. Мәселен, 2019 жылдың сәуірінде ЖІӨ көлемі 381 миллиард доллардан асты (жан басына шаққанда 39,16 мың доллар). Ал Адам дамуы индексі тізімінде әлем бойынша 22-орынды алып отыр.
Израиль президенті - Ицхак Герцог. Президенттің маңызды функцияларының бірі –Парламент өкілдерінің арасынан премьер-министрді тағайындау.
Парламент (Израильдегі Кнессет) – мемлекеттің бір палаталы және заң шығарушы органы, яғни жоғарғы билігі болып саналады. Кнессет партиялық тізім бойынша сайланатын 120 депутаттан тұрады.
Кнессетке сайлаудан кейін Израиль президенті сайланған фракциялармен кездесу өткізіп, олардың бірінің басшысына үкіметті жасақтауды тапсырады. Яғни коалициялық үкімет құруға қабілетті біреуге жүгінеді. Кейіннен бұл фракция басшысы үкімет басшысы атанып, премьер-министр лауазымына ие болады.
Премьер-министр 61 депутаттың қолдауына ие болуы тиіс
Үкіметті жасақтау үшін премьер-министр депутаттардың басым көпшілігінің қолдауына ие болуы керек, яғни кемінде 61 депутаттық мандатқа қол жеткізуі тиіс.
Бір партия 61 депутаттық орынды ала алмайды, өйткені мұнда партиялар саны көп, бәсекелестік жоғары. Бұл мақсатқа коалиция құру арқылы ғана қол жеткізуге болады.
Биылғы маусым айының соңында премьер-министр Нафтали Беннет отставкаға кетіп, парламентті таратқан болатын. Кнессетке келесі сайлау 1 қарашада өтеді деген шешім қабылданды.
4 жыл ішінде елде Парламент сайлауы бесінші рет өтіп отыр. Өйткені бұған дейін сайлауда жеңіске жеткен партиялардың өкілдері өзара келісімге келе алмай, жасақталған үкіметтердің ешқайсысы Парламентте көпшілік орынды сақтап қала алмаған еді. Биньямин Нетаньяху 2021 жылдың маусымында премьер-министр қызметінен кеткеннен кейін жетекші партиялардың басшылары ротация принципімен үкіметті кезектесіп басқарып отырады деп келісті. Сөйтіп премьер-министр лауазымына Нафтали Беннет тағайындалды.
Алайда бір жылдан кейін ол күтпеген жерден отставкаға кетті. Өзінің премьер-министр ретінде жақсы жұмыс істей алмағанына өкінетінін айтып, қателіктері үшін жауапкершілікті өз мойнына алды. Jerusalem Post газетінің жазуынша, оның бұл шешімі Израиль саяси тарихындағы «ең ізгі істердің бірі» ретінде тарихта қалуы әбден мүмкін. Бір жыл бұрын Беннет ротация туралы келісімге сәйкес қызметінен кететініне және өз лауазымын елдің сыртқы істер министрі, «Еш атид» партиясының жетекшісі Яир Лапидке босатып беруге уәде еткен болатын. Осылайша, 1 шілдеде сол кездегі сыртқы істер министрі Яир Лапид премьер-министр қызметіне кірісті.
Бірақ ол да парламентте басымдыққа ие партиялардың коалициясын құра алмады.
Әрбір жаңа премьер-министрге коалиция құруға 28 күн беріледі. Ол мұны орындай алмаса, президенттен қосымша 14 күн сұрай алады. Егер осы мерзім ішінде де коалиция құра алмаса, онда президент премьер-министр лауазымына Парламенттен басқа кандидатты таңдайды. Егер Парламент екінші кандидатты көпшілік дауыспен қолдамаса, яғни ортақ пікірге келмесе, онда елде жаңа сайлау өтеді.
Экзит-полл қорытындысы: «Ликуд» партиясы алда келеді
Осылайша, биылғы парламент сайлауы 1 қарашада басталды. Премьер-министр лауазымына екі негізгі кандидат таласқа түсті - қазіргі премьер-министр, орнын сақтап қалуға үміттеніп отырған «Еш Атид» партиясының өкілі Яир Лапид және бұл қызметте ең ұзақ уақыт болған бұрынғы премьер-министр, (1996-1999 және 2009 - 2021 жылдары премьер-министр болған) «Ликуд» партиясының жетекшісі Беньямин Нетаньяху. Экзит-полл нәтижесіне қарасақ, оның билікке оралуға мүмкіндігі мол.
Сейсенбі күні, яғни 1 қарашада өткен Кнессетке (Израиль парламенті) кезектен тыс сайлаудың экзит-полл нәтижесі бойынша, экс-премьер және оппозиция жетекшісі Беньямин Нетаньяху басқаратын «Ликуд» партиясы бірінші орында келеді, қазіргі премьер-министр Яир Лапидтің «Еш атид» партиясы екінші орында.
Осы мәліметтерге сәйкес, «Ликуд» партиясы 120 орындық парламентте 30 мандатқа ие болса, «Еш атид» партиясы 22 мандатқа ие болады.
Экс-премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың «Ликуд» партиясы жетекшілік ететін саяси күштер блогы үкіметтік коалиция құруы мүмкін.
Экзит-полл мәліметіне сәйкес, жақтас партияларымен бірге «Ликуд» 120 орындық парламенттегі 62 мандатқа сенім артып отыр.
Деректер бойынша, Нетаньяху дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні өзінің болашақ үкіметтік коалициясының құрамына кіруі мүмкін оңшыл блок партияларының жетекшілерімен келіссөздер жүргізген.
Екінші орында тұрған «Еш Атид» партиясы сол экзит-полл нәтижесі бойынша 22 мандатқа ие болады. Әлеуетті одақтастарымен бірге бұл саяси күш 54 депутаттан тұратын коалицияға қол жеткізе алады. Яғни, Кнессеттің жартысынан азына сенім арта алады.
Сарапшылардың пікірінше, сайлауға дейін де саясаткерлердің қайсысы тұрақты үкіметтік коалиция құруға қол жеткізе алады деген басты сұрақ болатын. Әйтпесе, Израильде қайтадан сайлау өтуі мүмкін.
Сайлауда 5 млн-ға жуық азамат дауыс берді
Израиль Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, кеше өткен кезектен тыс парламент сайлауына сайлаушылардың 71,3 пайызы қатысқан. Барлығы 4 843 023 азамат дауыс берген.
Көптеген сайлау учаскесі таңғы сағат 7-де ашылып, кешкі сағат 22.00-ге дейін жұмыс істеді. Кейбір ауылдық орталықтар мен мамандандырылған сайлау учаскелері бір сағаттан кейін, яғни таңғы сағат 8-де ашылды.
Израильде 18 жастан асқан Израиль азаматы дауыс беруге құқылы. Жалпы ОСК дерегінше, кешегі сайлауда 6,78 миллион сайлаушы дауыс беру құқығына ие болған.
Осыдан 60 күн бұрын азаматтыққа тіркеуден өткен иммигранттар да дауыс бере алады, оның ішінде қыркүйектің басына дейін Израиль азаматтығын 45 000-ға жуық азамат алған.
20 қазанға дейін елден тыс жерде дауыс бере алатын дипломаттар, басқа министрліктер, қарулы күштер мен полиция өкілдері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері ретінде шетелге жіберілген 4500-ге жуық Израиль азаматын қоспағанда, елде сырттай дауыс беруге тыйым салынған еді.
«Кан» мемлекеттік радиостанциясының хабарлауынша, бұл 2015 жылдан бергі Израильде өткен сайлаушылар ең жоғары белсенділік танытқан сайлау болды.
Еске салайық, сейсенбі күні Израильде 2019 жылдан бері бесінші рет парламент сайлауы өтті. Олардың қорытындысы бойынша 25-Кнессеттің құрамы анықталады, одан кейін үкіметтік коалицияны құру рәсімі басталады. Сәтті болса, оның қорытындысы бойынша жаңа үкімет пен премьер-министр ант береді. Жаңа премьер-министр ант бергенге дейін Яир Лапид өтпелі үкіметті басқаратын болады.
Фото: www.timesofisrael.com