Израильдегі ядролық реакторға Шимон Перестің есімі берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Израильдің премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Негев шөліндегі ядролық реактордың бұдан былай Шимон Перестің атымен аталатындығын айтты.

Бұл туралы ҚазАқпарат Би-би-сиге сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл мәлімдемені Нетаньяху министрлер кабинетінің мәжілісінде айтты.

Шимон Перес 1950 жылдардың соңында француздардың көмегімен Димонда құпия ядролық орталықтың құрылуында жетекші рөл атқарды.

Қазіргі таңда аталмыш нысан Негев ядролық зерттеу орталығы деп аталады. Нетаньяхудың мәлімдеуінше, Перестің елдің қауіпсіздігін сақтайтын осы орталықты құруына орай оның есімін мәңгілікке сақтаған дұрыс.

Айта кетейік, Шимон Перес 1 рет Израиль президенті және екі мәрте премьер-министрі болып, қыркүйек айында 93 жасында өмірден өтті.

Ол Израиль мемлекетінің негізін қалаушылардың бірі. Израиль мемлекетінің өкілдері әдеттерінше елде ядролық қарудың бар немесе жоқ екендігін айтпайды. Сарапшылардың басым көпшілігі бұл елде ядролық қару бар деген пікірде.