***
«Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге жұмыс сапары аясында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев аталған сапар бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес жасалып отырғанын атап өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Қазақстан-Ресей: Сенімді серіктестік барлық бағытта жалғасады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, мемлекет басшыларының кездесуінде өзара іс-қимылдың ауқымды мәселелері жөніндегі екіжақты ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыру, сондай-ақ 2013-2015 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын одан әрі іске асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар, интеграциялық мәселелер жөніндегі өзара іс-қимылды жалғастыруға, атап айтқанда, Біртұтас экономикалық кеңістікке және 2015 жылға қарай Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыра бастауға байланысты шешім қабылданды.
Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Осы мәселе арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Индустриялық даму жалғаса береді» деген тақырыппен берілген. Жиынға қатысқан Үкімет басшысы министрлікке тапсырылған ағымдағы жылдың маңызды міндеттеріне тоқталды. С.Ахметов атап өткендей, оның ішінде экономика өсімін 6 пайызға жеткізу және халықты жұмыспен қамту ең басты міндеттер болуы керек. Ол үшін әлдеқайда кешенді жоспарлар қабылданып, алда жүйелі жұмыстар жүргізілуі тиіс. Үкімет басшысы 2013-2017 жылдары экономикалық саясат макроэкономикалық қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс екенін де атап өтті. Осыған байланысты еліміздің ішкі және сыртқы рыноктардағы жағдайы мен экономиканың дамуына жедел мониторинг жүргізуді жалғастыру тапсырылды. Ең бастысы, Қазақстанның сауда әріптестері болып табылатын Еуропа, Қытай және басқа да мемлекеттердің ахуалы назарда болмақ.
***
«АҚШ-тың барлау қызметі қызықты мәлімет таратты. Барлау қызметінің шолушысы Хуссейн әль-Бербери америкалық бір басылымда өз болжамдарын жария етті. Ал бұл мәліметтің астарында ақиқат бар ма, әлде Израиль билігін сақтандыру үшін жасалып отырған мәлімдеме ме? Ол жағы белгісіз», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Израильдің құрдымға кетуі мүмкін бе?» деген тақырыптағы мақаласында. АҚШ-тың Таяу Шығыс жөніндегі барлау қызметі департаментінің зерттеуіне қарағанда, 2025 жылдары және одан кейін Израиль мемлекеті болмауы мүмкін. Бұл болжамға қатысты Хуссейн әль-Бербери бірқатар мәліметтер келтіреді. Атап айтқанда, Израиль мемлекеті жоқ жерден құрылды. Алдағы ондаған жылдарда қара континенттен көшіп барған жарты миллионға жуық эфиопиялық еврейлер мен африкалық иудейлер бұрынғы отанына қайта оралуы мүмкін.
Дауласқандарды сотқа жеткізбей, бітімге келтіру үшін елімізде бұған дейін төрелік-арбитраждық, аралық соттар, сондай-ақ медиаторлар қызметі енгізілгені мәлім. Енді «билер» рөлін атқару нотариустарға да берілетін болыпты. Осындай қызықты жаңалық кеше Сенатта өткен «дөңгелек үстелде» жария етілді. Бір айта кетер жайт, қазақстандық жоғары білім беру жүйесі заң мамандарын қаптатып шығарғаны сонша, республикамыз «заңгерлер еліне» айналып кеткендей болған. Ал осы жаңа құрылымдар соларға жұмыс тауып беруге жол ашқалы отыр. Бұл жайында «Айқын» газетінің сенбілік санындағы «Билерге билік беріледі» деген тақырыптағы мақалада баяндалған.