Израиль «Евровидение-2026» байқауына қатысатын болды

Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық хабар тарату одағы Израильдің 2026 жылы Венада өтетін «Евровидение» ән байқауына қатысуына рұқсат берді, деп хабарлайды DW.

Бұл шешімге Нидерланд, Ирландия, Испания және Словенияның телекомпаниялары қарсылық білдіріп, байқауға бойкот жариялады

Женевада 4 желтоқсанда Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) Бас Ассамблеясы байқау ережелеріне өзгеріс енгізу мәселесін қарады. Көпшілік делегаттар жаңа нормаларды қолдап, «Евровидение» саяси ықпалдан ада болуы тиіс екенін атап өтті.

EBU мәлімдеуінше, жаңа қағидалар байқаудың сенімділігін, ашықтығын және саяси бейтараптығын күшейтуді көздейді. Дауыс беру қорытындысына сай, EBU-ға мүше кез келген ұлттық хабар тарату ұйымы жаңа ережелермен келіссе, «Евровидение-2026» байқауына қатыса алады.

Осылайша, Израильдің қатысу мәселесі күн тәртібінен алынып тасталды.

Байқау ережелеріндегі өзгерістер саяси факторлардың ықпалын азайтуды мақсат етеді. Мәселен, белгілі бір елді қолдауға бағытталған кампаниялардың әсерін төмендету және ұлттық қазылар алқасының рөлін күшейту қарастырылған. Жаңа формат бойынша қазылар алқасының ұпайлары жартылай финалда қайта есепке алынады.

Айта кетейік, «Евровидение-2025» байқауын Австрия жеңіп алды.