Израиль Газа бойынша жаңа келіссөздерге дайын

Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль делегациясы Газа бойынша келіссөздер жүргізу үшін Қатарға келді, деп хабарлайды BBC.

Келіссөздер барысында Израиль делегациясы ХАМАС-пен Газада атысты тоқтату туралы соңғы ұсынысты талқылайды.

Израильде соғысты тоқтату туралы қысым көрсетіліп отырған пермьер-министр Беньямин Нетаньяху бүгін АҚШ-қа ұшып кетті. Ол дүйсенбі күні Дональд Трамппен кездеседі.

Бұған дейін АҚШ президенті Израиль тарапының Газа секторында атысты екі айға тоқтату туралы шартқа келісіп отырғанын айтқан еді. ХАМАС өзінің шарттарын қойып еді, оған Израиль тарапы «ақылға симайды» деп жауап беріп үлгерді.

- Қалыптасқан жағдайды бағалай отырып, Нетаньяху Израиль келіскен Қатардың ұсынысы негізінде кепілдегі азаматтарды қайтару бойынша жұмыстарға күш салу үшін Қатарға делегация жіберу туралы шешім қабылдады, - деп мәлімдеді премьер-министрдің кеңсесі.

Бұл аралықта Израильде жергілікті тұрғындардың наразылығы өршіп барады. Ірі қалаларда Газа секторында кепілдікте отырған азаматтардың барлығын босату туралы талаппен акциялар өтті.

Израиль тарапының мәліметтері бойынша, Газада әлі кепілдікте отырған 50 адамның 20-сы тірі, 28-і өлген, тағы екеуінің жағдайы әзірге белгісіз.

Осыған дейін Трамп Израильдің 60 күндік бітімге келудің шарттарымен келіскені туралы мәлімдеген болатын.