Израиль Газа қаласына шабуылға шықты

Фото: Anadolu Ajansı

АСТАНА. KAZINFORM – ЦАХАЛ бірнеше аптаға созылған бомбалау және әуеден жасалған соққылардан соң сейсенбі күні түнде Газаны басып алу үшін шабуылға шықты, деп хабарлайды DW.  

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұны ХАМАС террористік қозғалысының соңғы қорғанысы деп бағалады.

Америкалық Axios басылымы Израильдің анонимді ресми тұлғаларына сілтеме жасап шабуылдың басталғаны туралы жазды.

2025 жылғы 15 қыркүйекте кешкісін Израиль әскери әуе күштерінің Газа қаласына соққы жасағаны хабарланды. Палестиналық БАҚ мәліметінше, қалаға Израильдің танк бөлімшелері кірген.

Өткен демалыс күндері Израиль Газа қаласына әуе шабуылдарының қарқынын арттырып, ондаған көпқабатты ғимараттарға соққы жасаған.

Израиль Қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) деректеріне сүйенсек, бұл нысандар ХАМАС ұйымы тарапынан әскери мақсатта пайдаланылған. Бұған дейін Израиль армиясы Палестина тұрғындарына Газа қаласынан кетіп, оңтүстіктегі «гуманитарлық аймақтарға» көшу туралы үндеу жасаған болатын. Осы уақытқа дейін шамамен 300 000 адам қаладан кеткені мәлім.

Израильдің Газадағы шабуылы ел премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен үкіметтің жоғары лауазымды мүшелерінің АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесуінен бірнеше сағат өткен соң басталғаны айтылған.

Axios басылымы екі израильдік шенеуніктің сөзіне сілтеме жасай отырып, Рубио Нетаньяхуға АҚШ президенті Дональд Трамптың Израильдің Газадағы құрлықтық операциясын қолдайтынын жеткізгенін хабарлайды. Алайда ол операцияның жылдам өтіп, мүмкіндігінше тез аяқталуын қалаған.

– «Рубио құрлық операциясына кедергі болған жоқ», – деп келтіреді журналистер өз дереккөздерінің бірінің сөзін.

Осыған дейін Израильдің қарқынды соққыларынан кейін Газадан 300 мыңнан аса тұрғын кеткені туралы жаздық.