Израиль Газа операциясын кеңейту жоспарын мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM — Кабинет бекіткен жоспарға «Газа секторын жаулап алу және аумақты басып алу» кіреді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Израиль үкіметінің әскери-саяси кабинеті жексенбі күні Газа секторындағы әскери операцияны кеңейту жоспарын бірауыздан мақұлдады. Бұл туралы Times of Israel Израиль шенеунігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) бас штабының басшысы генерал-лейтенант Эял Замир ұсынған жоспарға сәйкес, Израиль армиясының Газа секторындағы аумақты бақылауға алуы, бейбіт тұрғындарды оңтүстікке көшіру, ХАМАС-қа шабуыл жасау және палестиналық топтың гуманитарлық көмекті бақылауға алуына жол бермеу қажет.
Израильдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл жоспар АҚШ президенті Дональд Трамптың келесі аптада Таяу Шығысқа сапарынан кейін ғана жүзеге асады. Оған дейін ХАМАС-пен атысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату туралы келісімге келуге күш салынады.
Израиль телеарнасы Каn шенеуніктерге сілтеме жасай отырып, жаңа жоспар біртіндеп және бірнеше айға созылатынын, күштер бастапқыда Газа секторының бір аймағына шоғырланатынын хабарлады.
Кабинет құрамындағы министр Зеэв Элкиннің айтуынша, уақытша кесте АҚШ президенті Дональд Трамптың келесі аптадағы сапары алдында атысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату туралы келісімге мүмкіндік береді.
— Егер ХАМАС біздің ұстанымымызды түсінсе, Трамптың Таяу Шығысқа сапарына әлі уақыт бар, — деді Элкин.
Гуманитарлық көмек жаңа жолмен қайта басталады
Сонымен қатар, министрлер кабинеті Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуді қалпына келтіру жоспарын мақұлдады, бірақ жеткізу механизмі ХАМАС-тың оны өз содырларына бұру мүмкіндігін барынша азайту үшін қайта құрылатынын айтты.
Жоспарға қарсы дауыс берген жалғыз адам Израильдің Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир болды. Жоспар Газа секторындағы жағдай талап еткенде күшіне енеді.
Жаңа жоспардың мәні ЦАХАЛ көмекті орталықтандырып, оны сақтауды және таратуды тоқтатып, тапсырманы Газа секторындағы отбасыларға азық-түлік жәшіктерін тікелей тарататын халықаралық ұйымдар мен жеке мердігерлерге тапсырады.
Израиль армиясы таратуға тікелей қатыспайды, бірақ израильдік әскерилер халықаралық ұйымдар мен мердігерлер үшін сыртқы қауіпсіздік периметрін қамтамасыз етеді, дейді Израиль және араб шенеуніктері. Израиль билігі мұндай тәсіл ХАМАС-тың гуманитарлық көмекке қол жеткізуін және оны содырларға қайта бағыттауын қиындатады деп есептейді.
Газа секторының үштен бір бөлігін бақылап отырған Израиль АҚШ-тың қолдауымен екі ай бойы шайқастарды тоқтатқан бітім шарты бұзылғаннан кейін наурыз айында жердегі операцияларды қайта бастады. Содан бері анклавқа баратын барлық гуманитарлық көмек толығымен тоқтатылды.
Халықаралық Қызыл Крест комитеті (ХҚКК) Газа секторындағы гуманитарлық операцияның «толық күйреу шегінде» екенін мәлімдеді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Халықаралық сот Газа секторын блокадаға байланысты Израильге қарсы шағымдарды қарайды.
Еске салсақ, осыған дейін Израиль Газадағы операциясын кеңейтуді жоспарлап отырғаны мәлім болды.