Израиль Газа секторында электр қуатын сөндіріп, соғысты қайта бастауы мүмкін

Фото: Фото: x.com @Timesofgaza

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль ХАМАС-қа қысымды күшейту үшін палестиналықтарды солтүстік анклавтан көшіріп, электр қуатын сөндіріп, бомбылауды бастауы ықтимал, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Израиль палестиналық топтар ұстап отырған кепілдіктегі адамдарды босатуды қамтамасыз ететін атысты тоқтату туралы келісімнің бірінші кезеңін жалғастыратын жаңа ұсыныс жасату үшін ХАМАС-қа бірте-бірте қысым жасай беруді көздеп отыр. Бұл туралы Израильдің Kan қоғамдық телеарнасы хабарлады.

Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізу жексенбі күні тоқтатылды. Израиль тарапынан жасалатын қысым осы бағыттағы шаралардың қосымшасы болмақ.

Бұған жауап ретінде ХАМАС кепілдікке алынған қалған адамдарды татуласу туралы келісімнің екінші кезеңінде босататынын жеткізді.

Палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильдің бұл әрекетін атысты тоқтату туралы келісімге кері әсерін тигізетін лас әрекет әрі әскери қылмыс деп бағалады.

Телеарнаның хабарлауынша, Израильдің барынша қысым көрсетуге бағытталған жоспары кейінгі бірнеше аптада дайындалған. Оған сәйкес Газа секторының тұрғындары солтүстіктен оңтүстікке қарай қайта көшіріледі. Мұндай әрекет соғыстың басым бөлігінде қайталанып келді. Кейінірек қажет болса электр қуаты да сөндірілуі мүмкін.

Соңғы жоспарланған шараларға сәйкес, әскери әрекеттер қайта жанданады. Бұл жолы АҚШ-тың осыған дейінгі әкімшілігі Израильге жеткізіп келген және қолданылуына шектеу қойған ауыр бомбалар мен миллиардтаған доллардың қаруы мен әскери техникалары қолданылатын болады.

Бұл ретте Сауд Арабиясы, Мысыр, Иордания, Катар, Еуроодақ пен Ислам ынтымақтастық ұйымы Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуді тоқтату жөніндегі шешімді айыптаған болатын.

БҰҰ мен гуманитарлық ұйымдар Газаның бейбіт тұрғындарына орасан зор зиянын тигізетінін айтып, Израильді блокаданы алып тастауға шақырды.

Осыған дейін Израильдің Рамазан айында Газаға күш қолданбауға келіскені туралы жаздық.