Газа секторында қаза тапқан тағы екі тұтқынның мәйіті Израильге жеткізілді

Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль Халықаралық Қызыл Крест комитетінің араласуымен Газа секторында қайтыс болған тұтқындардың тағы екеуінің сүйегін қабылдап алды, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

Бұл туралы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі мәлімдеді.

Мәлімдемеге сәйкес, жақын арада әскери қызметкерлер денелер салынған табыттарды Израиль аумағына жеткізеді. Онда сот-медициналық сарапшылар мәйіттерді тану рәсімін жүргізеді.

Премьер-министр кеңсесі атап өткендей, «тұтқындарды қайтару жұмыстары үзіліссіз жалғасып жатыр және соңғы тұтқын елге оралғанға дейін тоқтамайды».

Бұған дейін Израиль босатылуы тиіс палестиналық тұтқындардың тізімін қайта қарағанын жазғанбыз.