Израиль Газа секторында жаңа гуманитарлық үзіліске дайын

Фото: Фото: GPO

Израиль ХАМАС қозғалысымен соғыста жаңа гуманитарлық үзіліс пен Газа секторына қосымша гуманитарлық көмек жеткізу үшін келіссөзге ашық. Бұл туралы 19 желтоқсанда 80 елдің елшілері мен дипломаттары алдында сөйлеген сөзінде Израиль президенті Ицхак Герцог мәлімдеді. Кazinform бұл туралы The Times of Israel басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Герцог Израиль және Газа секторындағы ахуалға қатысты дипломаттармен кездесіп, брифинг өткізді.

Израиль басшысының айтуынша, соғыста үзіліс жасау 7 қазанда ХАМАС содырлары тұтқынға алғандарды босатуды көздейді.

Бірқатар БАҚ Израильдің хабарлауынша, «Моссад» барлау қызметінің басшысы Давид Барнеа, АҚШ Орталық барлау басқармасының директоры Уильям Бернс және Қатар премьер-министрі Мұхаммед бен Абдель Рахман әл Тани Польшада ХАМАС өкілдерімен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Израиль билігінің мәліметінше, содырлардың қолында 7 қазанда тұтқынға алынған кем дегенде тағы 109 адам, сондай-ақ бірнеше адамның денесі бар.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі гуманитарлық қарар бойынша дауыс беруді кейінге қалдырды

Ал БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Газа секторындағы жағдайға қатысты резолюцияға дауыс беру уақытын тағы шегерді.

Біріккен Араб Әмірліктері ұсынған бастама гуманитарлық көмекті жеткізуді жеңілдету үшін аймақтағы соғыс қимылдарын тоқтатуға шақыруды қамтиды.

Дауыс беру бастапқыда 18 желтоқсанда өтеді деп күтілгенімен, бірнеше рет кейінге қалдырылды. Қауіпсіздік кеңесіне қатысушылар құжат мәтінін талқылауда. Дауыс беру 20 желтоқсан күні түстен кейін өтеді деп күтіледі.

Израиль – Палестина шиеленісі

Биылғы 7 қазанда палестиналық ХАМАС ұйымы Израильге қарсы операция бастады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған ракета ұшырылды, қаруланған топтар изральдік елді мекендерге басып кірді. ХАМАС бұл операция Шығыс Иерусалимде оккупацияланған Әл-Ақса мешітіне жасалған шабуылға және израильдіктердің палестиналықтарға қарсы артып келе жатқан зорлық-зомбылығына жауап екенін айтты.

Өз кезегінде Израиль ХАМАС-қа қарсы жауапты операция бастап, оның соңы Газа секторындағы халықты жаппай қыруға ұласты. 27 қазанда Израиль Газаға құрлықтағы әскерімен соққы жасауға көшті.

Бүгінде Газаның 2,3 млн тұрғыны эксклавтың толық қоршауда қалуынан азық-түлік, су, дәрі-дәрмек тапшылығынан зардап шегіп отыр. Мыңдаған ғимарат, соның ішінде ауруханалар, мешіттер мен шіркеулер зақымдалды немесе толығымен қирады.

ХАМАС пен Израиль арасында 24 қараша күні таңертең күшіне енген «Гуманитарлық үзілік» 1 желтоқсанда таңертең аяқталды. Бұл күндері екі тарап тұтқынға алынған ондаған адаммен алмасты.

Бітім туралы уақытша келісім аяқталысымен Израиль газаға қарсы шабуылын жалғастырды. 

Желтоқсан айының алғашқы онкүндігіндегі мәлімет бойынша, Израильдің Газаға шабуылынан 17,7 мың адам қаза тапты.