Израиль Газада 70 мың адам қаза болғанын растады

Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль армиясының (ЦАХАЛ) мәлімдеуінше, Газа секторы денсаулық сақтау министрлігінің соғыста қаза тапқандардың саны жөніндегі дерегі негізінен дұрыс. 

Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыста Газаның 70 мың тұрғыны қаза тапқанын ЦАХАЛ алғаш рет растап отыр. Дегенмен, олар дені сау адамдар арасында аштан өлгендер болмағанын алға тартады.

Түрлі халықаралық ұйымдар таратқан ақпаратқа сенсек, қаза тапқандардың басым бөлігі – бейбіт тұрғындар. Бірақ The Jerusalem Post-тың жазуынша, Израиль тарапы мұнымен келіспейді және марқұмдардың 25 мыңы – ХАМАС содырлары болған деп санайды.

Одан бөлек, ЦАХАЛ дерегіне жүгінсек, 2024 жылдың басына дейін ХАМАС атқан зымырандардың 13%-ы техникалық ақауға байланысты нысанаға жетпей құлаған, соның салдарынан көптеген палестиналық мерт болған.

Сонымен бірге, Израильдің мәліметінше, ХАМАС саяси қарсылас деген айыппен бірқатар палестиналықты және белгілі бір аудандардан кетуге талпынған бейбіт тұрғындарды өлім жазасына кескен.

Газа денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2023 жылы 7 қазанда соғыс басталғаннан бері 71 667 кісі қаза тапқан. Оның ішінде, 450-ден астам адам 2025 жылдың қазанында атыс тоқтағаннан кейін өлтірілген. Табылған мүрделердің 90%-ының аты-жөні, жеке деректері ведомство құжаттарында қамтылған. 

Халықаралық ұйымдар мен кейбір БАҚ-тың хабарлауынша, шамамен 450 палестиналық аштан өлген. Алайда ЦАХАЛ «не бұл деректер жалған, не соғысқа дейін ауыр науқасқа шалдыққандарды тізімге қосқан» деп санайтынын мәлімдеді.

Израиль әскері өкілдері 2025 жылдың маусым-тамыз айларында жаппай азық-түлік тапшылығы болғанын мойындады. Әйтсе де, олар сол кезде жедел қимылдап, азық-түлік тиеген жүк көліктерінің санын арттырып, аштықтың алдын алғанын мәлімдеді. ЦАХАЛ дерегінше, соғыс кезінде Газаға 112 000 жүк көлігімен гуманитарлық көмек жеткізілген. Оның ішінде 1 700 000 тонна азық-түлік тасымалданған. Сондай-ақ 600 000 бала полиомиелитке қарсы екпе алған. 

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА