Израиль Газадағы көлемі жағынан екінші саналатын Хан-Юнус қаласын бақылауға алды

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль әскері Газа секторындағы көлемі жағынан екінші саналатын Хан-Юнус қаласын «Маген Оз» деп аталған дәліздің көмегімен бақылауға алғанын мәлімдеді.

Бұл туралы Анадолы хабарлады.

Әскерилердің мәлемдемесінде қаланы шығыстан батысқа қарай кесіп өтетін 15 километрлік дәліздің құрылысы аяқталғаны айтылған. Сондай-ақ олардың айтуынша, жаяу әскер мен танкіге қарсы бөлімшелердің қолдауымен салынған дәліз алдағы шабуылдар барысында шешуші рөл атқарады.

Әскерилер жариялаған видеолар мен суреттерде «Маген Оз» дәлізінің Рафах пен Хан-Юнусты бөліп тұрған және осыған дейін салынған «Мораг» дәлізімен жалғасатынын көруге болады.

Жергілікті БАҚ өкілдері Тель-Авивтің бұл дәлізді атысты тоқтату үшін болатын келіссөздер барысында қысым көрсету құралы ретінде қолданатынын айтып жатыр.

Осыған дейін Израиль шабуылдары салдарынан Газада бір тәулікте 110 палестиналық қаза тапқаны туралы жаздық.