Израиль Газаға ауқымды шабуылды бастады

Фото: Фото: BBC

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль әскерлері ХАМАС-ты талқандап, Газада кепілде қалған адамдарды босату үшін ауқымды шабуылды бастағанан мәлімдеді, деп жазады BBC.

Израиль Қорғаныс армиясының хабарлауынша, «Гидеон арбасы» атты операция барысында әскерге сектордағы барлық стратегиялық аудандарға орнығу туралы бұйрық берілді.

ХАМАС-тың бақылауындағы денсаулық сақтау, азаматтық қорғаныс ведомстволарының шенеуніктері бейсенбіден бастап, израильдіктердің Газаға жасаған шабуылдарынан 25-ке жуық адам өлгенін хабарлаған.

Израиль екі айлық татуласу келісімі бұзылған соң наурыз айында Газаны қоршауға алды. АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні Газа секторында көптеген адамның ашығып жатқанын хабарлады.

Әскерилер ХАМАС-тан келетін қауіп жойылып, кепілдіктегі адамдардың бәрі босатылмайынша, операцияны тоқтатпайтынын мәлімдеп отыр. Олар кейінгі 24 сағатта Газа секторы бойынша террористік нысандарға 150-ден астам соққы бергендерін айтты.

Израиль келіссөздерді жандандырып, атысты тоқтатып, блокаданы алып тастау туралы халықаралық деңгейде қысым көрсетіліп жатқанына қарамастан бомбалауды және шекара маңында бронды техника санын арттырған.

Операцияның басталуы бейбіт реттеудің ешқандай нәтиже бермегенін көрсетсе керек.

Times of Israel басылымының хабарлауынша, «Гедеон арбасы» операциясы Израиль Қорғаныс армиясына Газа аумағына орнығып, бейбіт тұрғындарды елдің оңтүстігіне қоныстандырып, ХАМАС-қа шабуылдап, гуманитарлық көмектің жеткізілуін бақылауға алуға мүмкіндік береді.

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху мамыр айының басында Израильдің Газаға басып кіріп, аймақты басып алып, ұстап тұру үшін көлемді шабуыл дайындап жатқанын айтқан болатын.

Израиль үкіметі Трамптың Таяу Шығыстағы сапары аяқталмайынша, операцияны бастамауға уәде берген еді. Президент өңірден жұма күні кетті.

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк Израильдің жақындағы жағдайды ушықтыру әрекеті халықаралық құқықты бұзу болып есептелуі мүмкін екенін ескертті.

Осыған дейін Израиль әскері алдағы бірнеше күнде Газаға «толық күшпен» кіретіні туралы хабарлағанын жаздық.