Aljazeera: Израиль Газаға шабуылдарын жалғастырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ пен Иран арасында екі аптаға арналған уақытша бітім туралы келісімге қарамастан, Израиль Газа секторын бомбалауын тоқтатар емес. Соңғы 40 күннің ішінде шабуылдар 36 рет тіркелген, деп хабарлайды Aljazeera.com .

Фото: Анадолы

«Бітім» жарияланғанына алты ай өтсе де, Израиль келісімді мыңдаған рет бұзып, іс жүзінде күн сайын соққы жасап жатыр. Рафах өткізу бекеті жабық күйінде қалып, аса қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу шектелген.

28 ақпан мен 8 сәуір аралығында Газада кемінде 107 адам қаза тауып, 342-сі жараланған. Соғыс басталғалы бері құрбандар саны 72 мыңнан асып, олардың басым бөлігін әйелдер мен балалар құрап отыр. Сондай-ақ Al Jazeera телеарнасының журналисі қаза тапқаны хабарланды.

Осыған дейін БҰҰ Бас хатшысы Израильдің Ливан аумағына жасаған соққыларын айыптаған болатын.