Израиль Газаға тағы да әуе соққысын жасады
АСТАНА.KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп ХАМАС-ты атысты тоқтату жөніндегі келісімге келуге үндегеннен кейін де, Израиль Газа секторындағы нысандарға әуе соққыларын жалғастырды.
Reuters сайтының мәліметінше, израиль тарапы Газа мен оның маңындағы аймақтарға бірнеше соққы жасаған. Палестина денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, шабуыл салдарынан кемінде алты адам қаза тауып, бірнеше бейбіт тұрғын жараланды.
Әуе соққылары Трамптың жариялаған жаңа бітіміне ХАМАС-тың келісім беру мүмкіндігі қарастырылып жатқан сәтке тұспа-тұс келді. АҚШ басшысы егер ХАМАС ресми келісім берсе, «атысты тоқтату режимі дереу күшіне енеді» деп мәлімдеген болатын.
ХАМАС өкілдері өз кезегінде Трамп ұсынған 20 тармақтан тұратын жоспардың кейбір тармақтарын, соның ішінде тұтқындармен алмасу және әскерді кезең-кезеңмен шығару мәселелерін қарауға дайын екенін мәлімдеді.