Израиль — ХАМАС: бітімгершілік келісім жасалмайды

Израиль Газа секторындағы құрлық және әуе шабуылын кеңейтіп жатыр. Бейсенбі күні бүкіл анклавтың түрлі ауданында елді мекендер бомбаланды. Kazinform бұл туралы Еuronews -ке сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: euronews.com

Оңтүстіктегі Рафах қаласындағы тұрғын үйге жасалған зымыран соққысынан 23 адам қаза тапты. Жарақат алған адамдар жергілікті ауруханаға жеткізіліп жатыр. 

Содырлар бақылайтын Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 7 қазаннан бергі шайқастарда 21 мыңнан астам палестиналық қаза тапты және тұрғындардың 85%-ы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. 

Израиль армиясы Газадағы әскери операцияны ХАМАС лаңкестері Израильге шабуыл жасап, 1 200 адамды (олардың көпшілігі бейбіт тұрғындар) өлтіргеннен кейін бастады. 

Құрбандар саны бүгінге дейін 500-ге жеткен. Олардың арасында офицер, сарбаз және запастағы сарбаздар болған. 167 адам 27 қазанда басталған құрлық шабуылы кезінде қаза тапты.

«Газа секторындағы халқымызға қарсы агрессияны толығымен және түпкілікті тоқтату туралы кез келген идеялар мен ұсыныстарға ашық екенімізді растаймыз. Халқымыз агрессияның уақытша емес, толықтай тоқтатылғанын қалайды», - деді ХАМАС өкілі Усама Хамдан.

Осы арада жүздеген жас азамат жексенбі күні басталған Тель-Авивтен Иерусалимге шеруін жалғастыруда. Шеруге қатысушылар биліктен кепілге алынғандарды босату үшін барлық қажетті шараны қабылдауды талап етеді: лаңкестер 100-ден астам адамды тұтқында ұстап отыр. 

Израиль әскерилері қақтығыс кезінде қателесіп, кепілге алынған үш адамды өлтірген. Осы оқиғаға қатысты тергеу амалдары аяқталды. Израиль армиясы аталған адамдардың өлімі үшін жауапкершілікті өз мойнына алды. 

«Болған оқиға үшін жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз. Марқұм болғандардың отбасыларын тергеу қорытындыларынан хабардар еттік. Бұл өте ауыр болса да ашық әрекет етудеміз», - деді Израиль қорғаныс күштерінің өкілі Даниэль Хагари. 

Бейсенбі күні гуманитарлық көмек, соның ішінде сектор тұрғындарына арналған жанар-жағармай тиелген жүк көліктерінің колонналары Рафах бақылау-өткізу пункті арқылы Мысырдан Газаға өтті. Израиль жүктердің өтуіне рұқсат беруге келісіп отыр. Бірақ халықаралық қауымдастықтың атысты тоқтату туралы үндеуіне қарамастан, бұл лаңкестердің жеңісі болатынын айтқан Израиль ХАМАС-пен бітімге келуден бас тартып отыр.