ХАМАС қаза тапқан тұтқындардың мәйітін қайтармайынша, Израиль Рафах өткелін ашпайды
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль мен ХАМАС арасындағы бітім туралы келісім күрделі сынаққа тап болды: тараптар өз міндеттемелерін әртүрлі түсіндіреді, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Израиль Газа секторындағы Рафах шекаралық өткелін жабық күйінде қалдырып, гуманитарлық көмектің жеткізілуін қысқартты. Бұл шешім ХАМАС қозғалысынан қаза тапқан тұтқындардың барлық мәйітін қайтаруды талап ету аясында қабылданған. Бұл жөнінде The Times of Israel басылымы хабарлады.
Аталған шешім сейсенбі күні Израильдің Қорғаныс министрлігінде өткен жиналыс пен әскери-саяси кабинеттің консультацияларынан кейін қабылданды. Израиль тарапының мәліметінше, ХАМАС бітім шарттарын бұзған, себебі Газа секторында ұсталған 28 қаза тапқан тұтқынның тек төртеуінің ғана мәйітін қайтарған. Израиль әскері ХАМАС тарапынан келісімдер аясында нақты әрекет байқалмай отыр деп есептейді. Бұл келісімдер АҚШ, Египет, Катар және Түркияның арағайындығымен жасалған болатын.
Рафах өткелі — Газа мен Египет арасындағы шекарадағы басты гуманитарлық дәліз. Израиль оның жұмысын іс жүзінде бақылауда ұстап отыр: өткелдің ашылу тәртібі мен жүк қозғалысын сол жақ шешеді.
13 қазан күні ХАМАС Израильге төрт тұтқынның мәйітін тапсырды: 26 жастағы Гай Иллоуз, 23 жастағы Непал азаматы Бипин Джоши және аты-жөні жарияланбаған тағы екі адам. Сонымен қатар, қозғалыс 20 тұтқынды тірідей босатты. Алайда тағы 24 адамның мәйіті Газа секторында қалып отыр.
Израиль үкіметінің шешіміне сәйкес, Рафах өткелі бітім шартына қарамастан ашылмайды. Сонымен бірге, басқа өткелдер арқылы гуманитарлық жүктің келуі де шектеледі.
Бұл уақытта палестиналық дереккөздер Халықаралық Қызыл Крест комитеті сейсенбі күні Израиль түрмелерінде қаза тапқан 45 палестиналықтың мәйітін Газа секторына қайтарғанын хабарлады. Бұл шара да аталған бітім аясында жүзеге асырылған.