Израиль ХАМАС-пен жартылай бітімге келуге келіспейтінін мәлімдеді

Фото: x.com/@idfonline

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль үкіметінің өкілі Давид Менсер ел ХАМАС қолындағы барлық тұтқындардың толық босатылуын талап ететінін мәлімдеді, деп жазады ВВС.

Палестиналық топ Қатар мен Египет ұсынған, 60 күндік атысты тоқтату және тұтқындардың жартысын босату жөніндегі жаңа ұсынысты қабылдаған еді. Қатарлық дипломаттардың айтуынша, ол бұған дейін АҚШ-тың араласуымен дайындалған құжатқа ұқсас деуге де болады.

АҚШ президентінің өкілі Стив Уиткофф маусым айында 60 күнге атысты тоқтату жоспарын ұсынған болатын. Жоспарға сәйкес, алғашқы және жетінші күні 10 тұтқын босатылып, 18 адамның денесі қайтарылуы тиіс еді. Бұған жауап ретінде Израиль 125 өмір бойына сотталған палестиналықты, Газа секторында ұсталған 1111 адамды және 180 марқұмның мәйітін тапсыруға келіскен.

Сол кезде Израиль ұсынысты қабылдап, ХАМАС бас тартқан еді. Себебі құжатта уақытша бітімнің тұрақты бейбітшілікке ұласатынына кепілдік болмаған.

Жаңа ұсынысты Израиль ресми түрде кері қайтармағанымен, Давид Менсердің айтуынша, үкімет енді «жартылай мәмілелерге» мүдделі емес.

Айта кетейік, Израильде Газаны оккупациялау жоспарына қарсы жаппай наразылық өтті.