Израиль Иран шабуыл жасаған жағдайда қатаң жауап беретінін мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Таяу Шығыста қарулы қақтығыстың одан әрі шиеленісу қаупі сақталып отыр.

Фото: t.me/Katz_Israel

Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац сәрсенбі күні Иран шабуыл жасаған жағдайда елдің өз бетінше қатаң жауап қатып, қуатты соққы жасауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Yedioth Ahronoth медиа тобы ұйымдастырған конференцияда айтты.

Кацтың айтуынша, Израиль әскері қыркүйек айының ортасында басталатын еврей мерекелері қарсаңында жоғары дайындық жағдайында тұр.

– Егер Иран шабуыл жасаса, біз ешкімге қарамастан, үлкен күшпен жауап береміз. Ұшақтарымыз ұшуға дайын, – деп атап өтті ол.

Бұл мәлімдеме АҚШ пен Иран кеше бір-біріне соққы жасауды қайта бастағаннан кейін жасалды. АҚШ Ормуз бұғазы маңындағы ирандық нысандарды атқыласа, Иран жауап ретінде Иордания, Кувейт, БАӘ және Ирак Күрдістанындағы америкалық әскери объектілерге шабуыл жасады.

Ал Израиль Вашингтон мен Тегеран арасында қайта басталған өзара соққы алмасуға тікелей қатысып отырған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Ирандағы үйлену тойында АҚШ соққысынан төрт адам қаза тапқанын жазғанбыз.