Израиль, Иран және Ливанда қанша Қазақстан азаматы есепте тұр

Фото: Фото: GOV.KZ

АСТАНА. KAZINFORM – Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты Сыртқы істер министрлігінде, Израиль, Иран және Ливанда жедел желілер іске қосылды. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті.

«Бүгінде Қазақстанның консульдығы есебінде Израильде 120 азамат, Иранда 102 азамат және Ливанда 139 азамат тұр. Оның ішінде дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері де бар. Көптеген азаматтың консульдық есепке тұрмайтынын айта кету керек. Осы орайда байланыс орнату және Қазақстан азаматтарының тізімін дайындау біраз уақыт алады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып Қазақстан азаматтарын аталған елдерде консульдық есепке тұруды шақырамыз. Қазіргі уақытта Израиль, Иран және Ливанда тұратын Қазақстан азаматтарынан аса қажеттілік болмаса тұрып жатқан жерлерінен шықпауға, қауіпсіздік шараларын барынша күшейтіп, сақтық пен қырағылық танытуды сұраймыз», — деді Айбек Смадияров. 

Сондай-ақ, ресми өкіл Таяу Шығыстағы Қазақстан азаматтары сол елдің билігінің ұсынымдарын орындау керектігін айтты. 

«Одан бөлек, аталған елдердегі Қазақстанның елшілігі өкілдерімен байланыста болуды сұраймыз. Сыртқы істер министрлігінде, Израиль, Иран және Ливанда жедел желілер іске қосылды. Толық ақпарат СІМ-нің және елшіліктердің ресми ресурстары мен әлеуметтік желіде жарияланады», — дейді ол.

Бұған дейін Қазақстанның Израильдегі Елшілігі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты үндеу жасағанын жазған болатынбыз.

Айта кетейік, бұған дейін Иран Израильді бомбалады, қаптаған зымыран ұшырды.

Артынша, Ұлыбритания Иранның Израильге зымырандық шабуылын айыптады.

Сондай-ақ Иран мен Ауғанстан шекарасында 10 шақырымдық қабырға тұрғызылды.

Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті Таяу Шығыстағы күрделі ахуалға байланысты мәлімдеме жасады.

Фото: ҚР СІМ