Израиль Иранмен атысты тоқтатуға келісті, бірақ шарт бұзылса қатаң жауап беретінін ескертті
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль АҚШ-тың Иранмен екіжақты атысты тоқтату туралы ұсынысына келісті. Алайда келісім шарты бұзылған жағдайда жедел әрі қатаң жауап берілетінін ескертті. Бұл туралы сейсенбі күні таңертең жарияланған премьер-министр кеңсесінің мәлімдемесінде айтылған, деп хаарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Премьер-министр Биньямин Нетаньяху Қорғаныс министрі, Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Бас штабының бастығы және «Моссад» барлау қызметінің басшысымен жиналыс өткізіп, «Қайсар Арыстан» операциясы аясындағы барлық әскери міндеттердің орындалғанын және одан да ауқымды нәтижелерге қол жеткізілгенін хабарлады.
— Израиль қос экзистенциялық қатерді — ядролық және баллистикалық зымырандар саласындағы қауіптерді жойды, — делінген ресми мәлімдемеде.
Ақпаратқа сәйкес, ЦАХАЛ Тегеран үстіндегі әуе кеңістігінде толық үстемдік орнатып, Иранның әскери басшылығына соққы жасап, режимге тиесілі ондаған маңызды нысанды жойған. Сонымен қатар Израиль Иранның жоғары лауазымды ядролық физигін жойғанын алғаш рет ресми түрде мәлімдеді.
Мәлімдеме кейінгі тәуліктерде «Басидж» (ИИРСҚ құрамына кіретін ерікті қауіпсіздік күштері) ұйымының жүздеген мүшесінің көзі жойылып, Иран астанасындағы шешім қабылдау орталығына соққы жасалғанын айтылған.
— Израиль ядролық қауіптің жойылуына қолдау көрсеткені үшін АҚШ президенті Дональд Трамп пен Америка Құрама Штаттарына алғыс білдіреді, — деп көрсетілген құжатта.
ЦАХАЛ өкілі, бригадалық генерал Эфи Дефрин Израиль армиясының барлық қойылған мақсаттарға қол жеткізгенін, алайда ылғи дайындықта болатынын атап өтті.
— Бас штаб бастығы атысты тоқтату шарттары бұзылған жағдайда дереу жауап беруге толық дайын болуды тапсырды, — деді ол.
Премьер-министр кеңсесі азаматтарды жағдай толық тұрақталғанға дейін тыл басқармасының нұсқауларын сақтауға шақырды. Биньямин Нетаньяху алдағы уақытта мәлімдеме жасауы ықтимал.
Дүйсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран арасындағы атыстың толық тоқтатылғанын жариялаған болатын.
Ал Иран Израильмен атысты тоқтату режимі күшіне енгенін мәлімдеді.