Израиль Иранның Арактағы ядролық реакторына шабуыл жасады

Фото: x.com / @nypost

АСТАНА. KAZINFORM - Израиль әскери-әуе күштері Иранның ядролық бағдарламасындағы негізгі нысан саналатын Арактағы ауыр су реакторына әуеден соққы берді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Иран ақпарат құралдарының хабарлауынша, шабуыл бұрын «Арак реакторы» деп аталған зерттеу кешені орналасқан Маркази провинциясының Хондаб ауданына жасалған.

ISNA агенттігінің хабарлауынша, нысан қызметкерлері шабуылдан бұрын эвакуацияланған және радиация алу қаупі жоқ.

Израиль қорғаныс күштері әуе шабуылын растап, плутоний өндірісіне қатысатын, реакторды оқшаулайтын кеменің құрамдас бөлігі нысанаға алынғанын айтты. Сондай-ақ әскерилердің хабарлауынша, Натанзадағы «ядролық қаруды әзірлеу орталығы» аталып кеткен нысан мен баллистикалық зымырандарға арналған бөлшектерді өндіретін кәсіпорынға соққы жасалды.

Шабуылдан бірнеше сағат бұрын Израиль әскерилері Арак пен Хондаб тұрғындарына ескерту жасап, оларды тез арада үйлерін тастап кетуге шақырды. Израиль бұл аймақта Иранның маңызды әскери инфрақұрылымы бар екенін айтады.

Құрылысы 2000 жылдардың басында басталған IR-40 реакторы МАГАТЭ, АҚШ және ЕО арасында бірнеше рет алаңдаушылық тудырды. Ол пайдаланатын ауыр су ядролық қаруға жарамды плутоний шығарады.

2015 жылғы ядролық келісім аясында Иран реакторды бейбіт мақсатта қайта жоспарлап, плутоний өндіру ісін көлемін қысқартуға міндеттеме алды. Алайда 2018 жылы АҚШ келісімнен шыққаннан кейін Тегеран өзінің бұрынғы ядролық әзірлемелерінің кейбіріне қайта оралатынын жариялады. Соңғы ақпаратқа сәйкес, Иран билігі МАГАТЭ-ге реакторды келесі жылы іске қосу ниеті туралы хабарлаған.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) Арактағы реактордың зақымдалғанын растады, ал ұйымда ауыр су өндіретін зауыттың зақымдануы туралы ақпарат жоқ.

МАГАТЭ реактордың жұмыс істемейтінін және құрамында ядролық материалдардың жоқтығын, сондықтан радиологиялық зардаптардың болмағанын хабарлады.

МАГАТЭ бұған дейін де Израильді ядролық нысандарға соққы беруден бас тартуға шақырып, өзі тексеретін нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өткен.

Бейсенбіге қараған түні тараптар арасындағы соққылар кезінде Тегеран, Карадж, Иерусалим және Тель-Авивте де жарылыстар болды. Иранның зымыран шабуылы салдарынан Израильде кем дегенде төрт нысан зақымданды.

Бұдан бұрын МАГАТЭ-нің бас директоры Рафаэль Гросси Иранның жүйелі түрде ядролық қару жасап жатқанына ешқандай дәлел жоқ деп мәлімдеген.

Осыған дейін Иранның баллистикалық зымыраны Израиль ауруханасына түскені туралы жаздық.