Израиль Иранның ядролық немесе мұнай нысандарына шабуыл жасамайды

АСТАНА.KAZINFORM - Израиль Ақүйді Иранға қарсы жоспарланған жауап ретіндегі соққы ядролық немесе мұнай нысандарына бағытталмайтынына, АҚШ-тағы сайлауға әсер етпеу үшін әскери әрекеттермен шектелетініне сендірді. Бұл туралы Washington Post жағдаймен таныс шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлады.

Фото: Израиль премьер-министрінің кеңсесі@IsraeliPM

Израильдің шабуылды тек әскери әрекеттермен шектеу туралы уәдесі өткен аптада АҚШ президенті Джо Байден мен Нетаньяху арасындағы телефон арқылы сөйлесуде, сондай-ақ АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин мен оның израильдік әріптесі Йоав Галланттың жақында болған сұхбатында да айтылды.

Иран 1 қазанда «Хезболланың» бас хатшысы Хасан Насралла өлтірілгені үшін елге 200-ге жуық баллистикалық зымыран жібергеннен кейін Таяу Шығыс бірнеше апта бойы Израильдің уәде еткен жауап қайтару соққысына жоғары дайындықта болды.

АҚШ Израильдің жауап қайтару жоспарын тежеуге тырысты, өйткені бұл аймақтағы басқа елдерді тартатын ауқымды соғыс тудыруы мүмкін.

Бұған дейін Израиль Иранның мұнай инфрақұрылымына немесе ядролық нысандарына соққы беру ойын қайта қарастырады деп есептелді. Ал АҚШ бұл екі нұсқаға да қарсылық білдірді. Өйткені ол соғыс қимылдарының күшеюіне, соның ішінде Израильдегі немесе Батыспен байланысты басқа аймақтардағы азаматтық инфрақұрылымды нысанаға алған Иранның кек алу әрекетіне әкелуі мүмкін.

Израильдің жауабы «АҚШ сайлауына саяси араласуды» болдырмауға бағытталады. Мұнай инфрақұрылымына шабуыл энергия бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Ал ядролық нысанға соққы беру соғыс қимылдарының ауқымын кеңейтіп, АҚШ-тың араласуына әкелуі мүмкін. Бұл нәтижелердің кез келгенін қолдамайтын америкалық сайлаушылар наразылық білдіріп, жаппай Демократиялық партиядан АҚШ вице-президенті Камала Харриске зиянын тигізіп, республикашыл Дональд Трампты қолдауы мүмкін.

Дүйсенбі күні кешке Израиль премьер-министрінің кеңсесі елдің қауіпсіздігі басқалардан жоғары екенін мәлімдеді.

«Біз Америка үкіметінің пікірін тыңдаймыз, бірақ соңғы шешімді Израильдің ұлттық қауіпсіздігінің қажеттіліктеріне қарай қабылдаймыз», - деді премьер-министр мәлімдемесінде.

АҚШ пен Израиль Биньямин Нетаньяху мен Джо Байденнің сәрсенбі күнгі телефон арқылы сөйлесуінен кейін Таяу Шығыстағы стратегиялық мәселелерге қатысты ортақ пікірге келгенін жазған болатынбыз.