деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Израильде Қазақстан экономикасына инвестиция салғысы келетін компаниялар өте көп. Біздің кәсіпорындардың 98 пайызы - шағын және орта бизнес. Сондықтан да сіздердің бизнес делегацияны бізге шақырғым келеді», деп атап көрсетті Биньямин Бен Элиезер делінген Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында. Сонымен қатар, тараптар Қазақстанда Израильдің қатысуымен технологиялық парк ашу мүмкіндігін зерттеуге уағдаласқан.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, тараптар екі мемлекеттің экономикалық ынтымақтастығының перспективасын талқылады. «Қазіргі таңда әріптестікті нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Олар екі фактормен байланысты. Біріншісі, Кедендік одақ аясындағы тауарларды сататын нарықты кеңейту. Екіншіден, Қазақстанда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы әзірленді, оның маңызды міндеттерінің бірі - шетелдік инвестицияларды тарту», деп атап өткен кездесуде Ә. Исекешев.
Ә. Исекешевтің айтуынша, Қазақстанда шеттен әкелінетін тауарларға салынатын баж салықтары көтерілді, сондықтан да шетелдік компаниялар үшін дайын өнімдерін Кедендік одақтың аумағына әкелгеннен гөрі, өнімді Қазақстанда өндіріп, сату пайдалырақ болады. «Бес жылдық индустрияландыру бағдарламасы жайлы айтатын болсақ, оның аясында барынша қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру үшін бәрін жасайтын боламыз», деген кездесуде вице-премьер.
Сондай-ақ, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Қазақстан Израильге өнеркәсіптің кез-келген саласында бірлескен кәсіпорын құруды, отандық өндіріске жаңа технологияларды енгізуді ұсынып отыр.