Израиль қыркүйектің ортасында Газаға шабуылын бастауы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Израильдің жоғары лауазымды әскери өкілінің сәрсенбі күні мәлімдеуінше, Газа қаласына дайындалып жатқан шабуыл Израиль жаңа «гуманитарлық аймақ» құруды жоспарлап отырған миллион палестиналықты ығыстыруы мүмкін, деп хабарлайды ВВС.

Фото: x.com / @IAFsite

БҰҰ бағалауынша, бір миллион адам – Газа қаласы (сектор астанасы) мен оның төңірегінде іс жүзінде бүкіл халық саны. 

Израиль ХАМАС-тың негізгі базалары орналасқанын алға тартып, қаланы толық бақылауға алуға дайындалып жатыр.

Израиль Қорғаныс министрлігінің Палестина аумақтарындағы азаматтық істерді қадағалайтын органы COGAT-тың жоғары лауазымды өкілінің сәрсенбі күні мәлімдеуінше, соңғы күндері Газа қаласы орналасқан сектордың солтүстігінен оңтүстікке палестиналықтардың айтарлықтай көшуі байқалды.

Қазірдің өзінде солтүстік аудандардан 70 мыңға жуық адам кеткен.

Осы арада халықаралық ұйымдар Газадағы екі жыл бойы соғыс кезінде бұл аймақ тұрғындарының басым көпшілігі, яғни 2 млн-нан астам адам кем дегенде бір рет көшірілгенін еске салды. 

Израиль қоныс аударушылар үшін қауіпсіз гуманитарлық аймақ құруға уәде беріп отыр, ол туралы жақын күндері ресми түрде жарияланады. Қазіргі кезде аймақ сектордың орталық бөлігінде шоғырланған босқындар лагерлерінен оңтүстік Әл-Маваси аймағына дейін және одан әрі шығысқа қарай созылатыны белгілі.

Осы арада халықаралық бақылаушылар Израиль соғыстың алғашқы күндерінде жағалаудағы Әл-Маваси аймағын гуманитарлық аймақ деп жариялағанын, бірақ содан бері оған бірнеше рет соққы жасағанын еске салып отыр. 

Халықаралық Қызыл Крест ұйымы мәлімдегендей, белсенді соғыс қимылдары жағдайында адамдарды көшірудің қауіпсіз жолы жоқ. 

Тамыз айының соңында Газа қаласында ашаршылық болғаны ресми түрде расталды. 
Бұл белгілі бір аймақта ашаршылықтың бар-жоғын, оның сипатын анықтау және оны жою жолдарын ұсыну мақсаты болып табылатын БҰҰ агенттіктерін, гуманитарлық ұйымдар мен бірнеше елдің үкіметтерін біріктіретін жаһандық бастама – IPC қорытындысы.

Осы арада Израиль Газа қаласына шабуыл жасауға дайындалып жатыр. ЦАХАЛ-ға запастағы мыңдаған жауынгер шақырылды. 

Премьер-министр Биньямин Нетаньяху үкіметі ХАМАС толығымен қарусыздандырылып, жойылмайынша күш қолданатынын мәлімдеді.

Израиль әскері қазірдің өзінде Газа қаласының шетіне жетті. ЦАХАЛ дереккөздерінің ақпаратынша, қалаға шабуыл қыркүйек айының ортасына жоспарланған. 

Израильдің қауіпсіздік кабинеті бұл жоспарды бір ай бұрын мақұлдады. Бірінші кезектегі мақсат – кепілге алынған 48 адамды үйлеріне қайтару, олардың 20-сы әлі тірі деп саналады.

Израильдің Газадағы әрекетінен кемінде 21 мың бала мүгедек болып қалғанын жазған болатынбыз