Израиль Ливанға қайтадан әуе соққыларын жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль әскері атысты тоқтату режиміне қарамастан Ливанның оңтүстігіндегі Набатия провинциясына әуе соққыларын жасады. Салдарынан үш адам қаза тауып, бір адам жарақат алды, деп хабарлайды Anadolu Ajansı .

Фото: Anadolu Ajansı

Израиль армиясы 17 сәуірде күшіне енген және 17 мамырдан бастап тағы 45 күнге ұзартылған атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан шабуылдарын жалғастырып отыр.

Ливанның ресми NNA агенттігінің мәліметінше, Израиль әскери ұшақтары Набатия ауданындағы Дуэйр елді мекеніндегі тұрғын үйге екі мәрте соққы жасап, ғимаратты толық қиратқан. Сонымен қатар Набатия қаласы да әуе шабуылына ұшырады.

Израильдің ұшқышсыз ұшу аппараты Набатиядағы Зефта жолында мотоциклге шабуыл жасап, салдарынан бір адам көз жұмды.

Тағы бір жағдайда Абба мен Дуэйр елді мекендерінің арасындағы жолмен келе жатқан мотоциклге жасалған дрон шабуылынан Сирияның екі азаматы қаза тауып, бір адам жараланды.

Бұдан бөлек, Израильдің тағы бір ұшқышсыз аппараты Кефур елді мекеніне соққы берген.

– Атысты тоқтату жөніндегі келісімге қарамастан, Израиль-Ливан шекарасындағы жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр, – деп жазды Anadolu Ajansı.

Айта кетейік, бұған дейін Ливанда Израиль шабуылдарынан қаза тапқандар саны 3 558 адамға жеткені хабарланды.