Израильдің KAN мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, атысты тоқтату режимінің сақталуын бақылау комитетінің төрағасы, америкалық генерал Джозеф Клирфилд Израильге сапармен барған.
Келесі аптада Клирфилд пен оның командасы әскерді шығару жоспарын әзірлеу үшін өңірге қайта келеді. Осыдан кейін Израиль әскері шығарылған екі пилоттық ауданның бақылауын Ливан армиясына беру үдерісі үш аптаға дейін созылуы мүмкін.
Сондай-ақ Израиль Қорғаныс армиясы әскер шығарылатын аудандарға қатысты ұсыныс әзірлеген. Бас штаб бастығы Эяль Замир оларды министрлер кабинетінің қарауына ұсынбақ.
Телеарна мәліметінше, Израиль мен Ливан арасындағы қауіпсіздік жөніндегі келісімнің құпия қосымшасында атысты тоқтату режимін бірлесіп бақылау тетігін құру көзделген. Бұл механизм екі ел армияларының үйлестіруін қамтамасыз етіп, соның ішінде «Хезболла» инфрақұрылымын жоюға қатысты іс-қимылдарды қамтиды.
Бұған қоса, АҚШ бұл тетікке қатысушылардың құрамын бекітіп, құпия ақпараттың «Хезболлаға» жетуіне жол бермеуді көздеп отыр. Ал 2024 жылы құрылған осындай тетік ақпараттың тарап кетуіне байланысты тиімсіз болған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Израиль билігі Бейрутпен бірлескен бақылау тетігі жөнінде келісімге қол жеткізілгенше Ливанның оңтүстігіндегі екі пилоттық ауданнан әскерді шығаруды кейінге қалдырған еді.
АҚШ-тың арағайындығымен Бейрут пен Тель-Авив 26 маусымда Израиль әскерін Ливанның барлық оккупацияланған аумағынан кезең-кезеңімен шығару туралы негіздемелік келісімге қол қойған болатын. Келісімде нақты мерзім көрсетілмеген және әскерді шығару Ливан армиясының қауіпсіздікке толық жауапкершілік алуымен әрі қарулы топтарды, ең алдымен «Хезболланы» қарусыздандырумен байланыстырылған.
Айта кетелік Израильдің Ливанға жасаған шабуылдарынан қаза тапқандар саны 4 303 адамға жетті.