«Біздің елдеріміз арасындағы ерекше қарым-қатынастың орнауы да тосыннан емес. Оған Қазақстаннан шыққан ондаған мың израильдіктер септігін тигізуде. Олар соғыс кезінде бізге жер аударылып, осы жақтан өз үйлерін, жіті қарым-қатынас, қамқорлық тапты және отандарына қайта оралғаннан кейін де бауырмалдық қарым-қатынасты сақтады. Мен Тель-Авивке барғанымда олар туғанындай қарсы алады. Олар бүгінде достықтың көпірі болып саналады және біздің ынтымақтастығымызға көмектеседі», - деді Елбасы.
Қазақстан Президенті Израиль Премьер-министрімен өткен шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің қорытындысына көңілі толатындығын да баса айтты.
«Қазір ғана Биньямин Нетаньяху мырзамен келіссөздер аяқталды. Ол ашық әрі сенімге толы өтті. Біз екіжақты өзара іс-қимылдың, халықаралық күн тәртібінің, лаңкестікпен күрестің және өзге де жайттардың кешенді мәселелерін талқылап, өзекті мәселелерге қатысты пікір алмастық», - деп атап өтті Назарбаев.