Израиль шекарасынан шамамен 15 шақырым жерде орналасқан жота Ливанның оңтүстік-шығысындағы үлкен аумақты бақылауға мүмкіндік береді. Израиль 2000 жылы аяқталған Ливанның оңтүстігіндегі 22 жылдық оккупациясы кезінде де бұл аумақты бақылауда ұстаған.
2 наурызда қазіргі соғыс басталғаннан кейін Израиль әскері Ливанның оңтүстігіне тереңдей еніп, Әли әл-Тахерге апаратын бағыттағы стратегиялық биіктіктерді басып алды. Маусымда Израиль әскері бұл жотаны негізгі операциялық нысандарының бірі деп атады.
Ливандық қауіпсіздік дереккөздерінің мәліметінше, «Хезболла» жота астында жерасты командалық орталығы мен қару-жарақ қоймаларын салған болуы мүмкін. Теңіз деңгейінен 600 метр биіктікте орналасуы бұл аумақтан Израильдің солтүстігіне қысқа қашықтықтағы зымырандар мен дрондар ұшыруға мүмкіндік береді.
Соңғы айларда Израиль авиациясы жотаға бірнеше рет соққы жасады. Маусымда осы аумақтағы ірі жерасты нысанын басып алу операциясы кезінде бір израильдік сарбаз қаза тауып, 13-і жараланған. Ал «Хезболла» жотаны әлі де толық бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Әли әл-Тахердің саяси маңызы да артып келеді. АҚШ ұсынған жоспар бойынша Израиль әскері Ливанның оңтүстігінен біртіндеп шығарылып, Ливан әскері «Хезболланы» қарусыздандыруы тиіс еді. Алайда «Хезболла» қаруын тапсырудан бас тартып, Израиль де бұл талап орындалмайынша әскерін шығармайтынын мәлімдеген соң, жоспар тоқырауға ұшырады.
Сарапшылардың пікірінше, қазанда өтетін Израильдегі сайлау қарсаңында Әли әл-Тахерді басып алу Биньямин Нетаньяху үкіметі үшін маңызды әскери-саяси жеңіс болар еді. Дегенмен Израиль әскері адам шығынын болдырмау үшін жотаға тікелей шабуыл жасаудан гөрі оны ұзақ уақыт қоршауда ұстау тактикасын таңдауы мүмкін.
Еске сала кетсек, Ливан мен Израиль арасындағы келіссөздер қыркүйекке жоспарланғанын жаздық.
Ал Ливанда 860 мыңға жуық тұрғын мәжбүрлі қоныс аударудан кейін үйлеріне оралды.