Израиль мен Палестина келіссөзді жандандырады

АСТАНА.  Тамыздың 24-і.  ҚазАқпарат - Израиль мен  Палестина басшылығының арасындағы  келіссөз   алдағы қыркүйек  айының  соңына  дейін басталуы мүмкін.    Еврей мемлекетінің  премьер-министрі  Биньямин Нетаняху   журналистерге   осындай мәлімдеме  жасады.

"Израиль,  АҚШ және өзге де тараптар  палестиналықтармен тікелей келіссөзді   жандандыруға  мүдделі.   Келіссөзді  қыркүйек айында жалғастыруға мүмкіндік бар, бірақ ол үшін    американдықтар  мен Палестина басшылығының арасында  келісімге қол жеткізу қажет»,  -деді   Израиль премьері  өз сөзінде.

Израильдің   сыртқы  істер министрі Авигдор Либерман   жақында   жасаған мәлімдемелерінің бірінде,      тәуелсіз  палестиналық  мемлекеттің  алдағы екі  жылда  пайда  болуы  екіталай екенін    айтқан болатын.  Министр сонымен бірге,     өзінің келіссөзге       кедергі келтіргелі  отырғандығы  туралы  қарсыластарының  алаңдаушылығын   теріске  шығарып еді.

АҚШ-тың арағайындығымен    Израиль  мен  Палестина   автономиясының  алдағы екі  жылда  тәуелсіз Палестина мемлекетін құру  туралы   келісімге келмек  ниеті  туралы ақпарат  2009 жылдың маусым  айында пайда  болған еді.