Израиль мен палестиналық топ оқ атуды тоқтатуға келісті

АММАН. ҚазАқпарат – Газа секторындағы Израиль күші мен қарулы палестиналық топ халықаралық бітімгерлердің көмегімен «бір уақытта және өзара» оқ атуды тоқтатуға келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі AlJazeera-ға сілтеме жасап.

Фото: aljazeera.com

Бір күн бұрын туындаған қақтығыстың өршуіне 87 күндік аштықтан кейін Израиль түрмесінде қайтыс болған «Палестина ислам жиһады» тобымен байланысты белсенді Хадер Аднанның өлімі себеп болды. Израиль билігінің мәліметі бойынша, сот алдында қамауда болған Аднан жиырма жылдан астам уақыт түрмеде отырды және оның тұтқындалуына наразылық білдіру үшін аштық жариялады.

Сейсенбіде ол өз камерасында ес-түссіз күйінде табылып, ауруханаға жеткізілді, кейін қайтыс болғаны жарияланды, деп хабарлады Израильдің түрме қызметі.

Аднанның адвокаты Джамиль әл-Хатиб және онымен жақында кездескен адам құқықтарын қорғау тобының дәрігері Израиль билігін медициналық көмек көрсетуден бас тартты деп айыптады.

Палестиналық тұтқынның өлімі Газа секторында наразылық тудырды. Анклавтан Израиль бойынша 104 зымыран атылды, әуе қорғанысы жүйесі елді мекендерге жіберілген 24 снарядты қағып түсірді, деп хабарлайды The Times of Israel.

Зымырандардың бірі Израильдің оңтүстігіндегі Сдерот қаласындағы құрылыс алаңына соғылып, үш шетелдік азамат жарақат алды.

Арсен Өтешев