Израиль министрі еврейлерді Газаға қоныстандыруға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – Израильдің тұрғын үй министрі Ицхак Гольдкнопф басып алынған Газа секторына еврейлерді қоныстандыруға шақырды. Бұл туралы Анадолы жазды.
Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, Гольдкнопф Газа шекарасында «Нахалот» ұйымының негізін қалаушы Даниэла Вайспен кездесу өткізді. Ол басып алынған Палестина аумақтарында – Батыс жағалауда, Шығыс Иерусалимде, Голан биіктерінде және Газада израильдік елді мекендерді құруды қолдауымен танымал.
Кездесу барысында Вайс және оның серіктестері министрге Газа секторының әртүрлі аймақтарында еврейлерді орналастыру үшін елді мекендер салу жоспарланған аймақтарды көрсететін картаны табыс еткен.
Әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде Гольдкнопф еврейлерді Газаға қоныстандыру 7 қазандағы оқиғаларға, сондай-ақ Халықаралық қылмыстық соттың премьер-министр Беньямин Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галантты тұтқындау ордеріне «жауап» болатынын атап өтті.
Бұған дейін осындай ұсынысты Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир мен қаржы министрі Бецалель Смотрич жасаған болатын, олар да Израиль үкіметіндегі әсіре оңшыл қанаттың өкілі.
Айта кетейік, Израиль Халықаралық қылмыстық соттың шешіміне қарсы шағым түсірді.
Газа секторында мерт болған адамдар саны 44 мыңнан асты.