Израиль орта мектептерде ұялы телефон қолдануға тыйым салады

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа шектеулер келесі оқу жылының қыркүйек айында енгізіле бастайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Фото: icei.co.il

Израиль Білім министрлігі келесі оқу жылынан бастап бүкіл ел бойынша орта мектептерде ұялы телефон пайдалануға тыйым салатынын жариялады. Бұл туралы The Times of Israel басылымы хабарлады. 

Жаңа саясатқа сәйкес, оқушыларға мектеп аумағында телефон пайдалануға тыйым салынады. Оқушылар құрылғыларын өшіріп қоюы немесе мектеп әкімшілігіне сақтау үшін тапсыруы тиіс.

Министрлік шектеулер қыркүйек айынан бастап кезең-кезеңімен енгізілетінін хабарлады. Шешім ата-аналар ұйымдарымен, жергілікті билік органдарымен және Израиль мұғалімдер одағымен кеңескеннен кейін қабылданды.

Ведомство мәлімдемесіне сәйкес, бұл шешім «әлеуметтік байланыстарды нығайтуға, алаңдатарлық факторларды төмендетуге және оқуға назар аударуды арттыруға» бағытталған.

Израильдің білім министрі Йоав Киш бұл бастаманы елдің бастауыш мектептерінде осындай шектеулер енгізілгеннен кейін мақұлдады.

Осы жылдың ақпан айында Израильдің бастауыш мектептерінде ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салынған болатын.

Министрлік шешім қабылдамас бұрын смартфондардың балалардың эмоционалдық жағдайына, әлеуметтік дағдыларына және білім беру дамуына әсеріне қатысты халықаралық зерттеулер мен жаһандық үрдістерді қарастырғанын мәлімдеді.

- Біз балаларға бір-бірімен қайтадан шынайы қарым-қатынас жасауға, сыртқы алаңдаушылықтарды қысқартуға және экрансыз оқушылар арасында табиғи адами байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беріп жатырмыз, - деді Йоав Киш.

ЮНЕСКО мәліметінше, 2024 жылдың соңына қарай әлемдегі білім беру жүйелерінің шамамен 40%-ы мектептерде смартфондарды пайдалануға қандай да бір шектеулер енгізді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш шамамен 30% болған.

Осыған дейін Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қабылданып, Сенатқа жіберілгені хабарланды. Оған қоса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне педагог мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін болды. 

Оқу-ағарту министрлігі мектептердегі смартфонды пайдалану тәртібін айқындайды.

Ал 1 қыркүйектен бастап елдегі 500 мектептің оқу бағдарламасына жасанды интеллект енгізіледі. 

Оқу-ағарту министрлігіне мектептерде смартфондарды пайдалануға толық тыйым салу құзыреті берілмек.