Израиль - Палестина қақтығысы: ЕО СІМ басшылары шұғыл кеңес өткізеді
Еуропалық одақ елдерінің Сыртқы істер министрлері Израиль – Палестина қарым-қатынасының ушығуына байланысты ертең шұғыл жиын өткізеді. Kazinform бұл туралы Аnadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Шұғыл кеңес жөнінде ЕО дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель Х әлеуметтік желісінде жазды. Дегенмен ол алдағы кездесу форматы қандай болатынын нақтыламады.
Бұған дейін Еуроодақ ХАМАС бастаған операция аясында Израильге қолдау білдірген болатын. Боррель кеңсесінің мәлімдемесінде өңірде берік және тұрақты бейбітшілікті орнатуға күш салудың маңыздылығы аталып өтті.
Бұған дейін Жозеп Боррель қақтығысты дереу тоқтатуға шақырған.
Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыс
7 қазанда ХАМАС әскери тобы Израильге қарсы операция бастағанын мәлімдеді. Газа секторынан Израильге мыңдаған зымыран ұшырылды, қарулы топтар Израиль елді мекендеріне басып кірді.
Көп ұзамай Израиль де Газа секторына ондаған жойғыш ұшақтарды пайдаланып шабуыл бастағанын мәлім етті.
Газадағы Денсаулық сақтау министрлігі Израиль шабуылдарынан 560 адам қаза тапқанын, оның 91-і бала екенін, сондай-ақ 2750 адам жарақат алғанын хабарлады.
Израильдік БАҚ та 800-ден астам адамның мерт болғанын, 2300-ден көп тұрғын жараланғанын мәлімдеді.
Қазір бірқатар мемлекет өз азаматтарын Израильден эвакуациялауды ұйымдастырып жатыр.
Бүгін таңертең Израиль әскерінің ресми өкілі барлық елді мекен бақылауға алынғанын және Израиль аумағында әскери іс-қимыл жүргізіліп жатқан жоқ деп мәлімдеді. Дегенмен Израиль аумағында әлі де ХАМАС әскері болуы мүмкін екені айтылады.
Дүйсенбі күні сондай-ақ ХАМАС Тель-Авивтегі әуежайға зымыран ұшырғаны белгілі болды. Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант Газа толық оқшауланғанын мәлім етті. Ол жақта жарық, тамақ және отын жоқ.